Қоғам

Биыл СҚО 94 елді-мекен су астында қалуы мүмкін

Айгерім Ержанова, тілші:

–  Тағы да су тасқыны! Биыл өңірімізде табиғи апат Наурыз мейрамынан кейін орын алады деп күтілуде. Сондықтан қазір облысымызда ТЖ-ға дайындық шаралары қыза түскен. Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылы 94 елді-мекен су астында қалуы мүмкін. Мұндай қауіп Заречный кентіне де төніп тұр.

Сол себепті тұрғындар үнемі ауладағы қарды тазалап, оны сыртқа шығарып тұрады. 76 жастағы Дмитрий Клишин таң атысымен қолына күрек алып, ақ ұлпамен арпалысып әлек. Тіпті, өз қолымен қар шығаратын арнайы техника да құрастырып алған.

Дмитрий Клишин – Заречный кентінің тұрғыны:

– Бізге су ең бірінші бақшадан кіреді. Кейін ауланы да басып кетеді. Сол себепті, бұл жағдайдың алдын алу үшін өз күшімізбен жақын маңдағы қарды тазалауға тура келеді. Заречныйдың көшелерін арнайы техника келіп тазартып тұрады. Бірақ, біздің көше үнемі назардан тыс қалып қояды.

Заречныйдан бөлек, биыл облыс орталығының бірнеше көшелерін де су басады деп болжанып отыр. Бұл тізімде әдеттегідей Береке ықшам ауданы, Жұмысшы кенті мен Ойқала да тұр. Десе де, құтқарушылар апаттың алдын алу үшін тиісті шаралар қолданудамыз дейді.

Асхат Ержанов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Ағымдағы жылы өңірімізде қандай жерлерді су басатынын біз былтыр шамамен анықтап алдық . Кейін тиісті инженерлік жұмыстарды жүргіздік. Тұрғындарға да алдын алу шараларын көрсетіп, малдарды эвакуациялаудың тәсілдерін түсіндірдік.

Былтырғы жылдың көктемі біраз жерлесімізді әбігерге салғаны есімізде. Тіпті құтқарушыларға 700-ден астам солтүстікқазақстандықты қауіпсіз жерге эвакуациялауға тура келген. Ал биыл жерлестеріміз қандай жағдайға дайын болуы керек?

Асхат Ержанов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Еске сала кетейін, өткен жылы маңайды басқан қызыл су ешқайда кеткен жоқ. Оның бір дәлелі, Булаев қаласының орталығындағы жиналған көл. Қазір ол толып тұр. Сондықтан аталған елді-мекеннің 20-шақты үйін су басу қаупі бар.

Сонымен қатар, Торанғұл көлі маңындағы ауылдарға да су келуі мүмкін. Оның ішінде Есіл ауданының Алқа, Қарағаш және Аққайың ауданының Рублевка мен Аралағаш ауылдары бар.

 

Айгерім Ержанова