Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өткен жылдың 9 айында сомасы 255,5 млрд теңгенің тауарын шығарған. Өңірдің ішкі жалпы өнімінің 23,9 пайызы осы бизнес иелеріне тиесілі. Бұл көрсеткішпен біз республикада 6-шы орында келеміз. Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің ісін қайта жандандыру мақсатында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы қарқынды жұмыс істеді. Жобаны жүзеге асыруда 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Сондай-ақ, өңірлік үйлестіру кеңесінің 27 жиыны өтіп, 304 өтініш мақұлданған. Атап өту қажет, бағдарламаға қатысушылардың саны 8,7 пайызға артқан. Жобаның тиімді жүзеге асуының арқасында 10 мың 836 жұмыс орны сақталып, тағы 800-і ашылмақ.

Өңірде басым бағыттардың бірі, ол – туризм саласы. Облыстың табиғаты шұрайлы жерлеріне келіп демалатындардың саны жыл өткен сайын артуда. Өткен жылдың 9 айында өңірге 32 мың 900 турист келген екен. Бұл 2015-ші жылмен салыстырғанда 6 мыңға артыпты.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Туристердің өңірге көптеп ағылуына бірден-бір себеп – ол ақпараттандыру жұмысының күшеюуіне байланысты. Республиканың 12 темір жол вокзалында аймақтың әсем жерлері жайлы бейне роликтер көрсетіледі. Ақмола, Қостанай, Павлодар мен Ресейдің шекаралас аймақтарының 85 туристік фирмасына облысымыз жайлы ақпарат жөнелтілді. Келер жылы туристердің санын 80 мың адамға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Айта кету қажет, алдағы уақытта Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық зонасын дамыту көзделініп отыр. Бұл ретте кешенді жоспар құрылып, мемлекеттік және де жергілікті бюджеттен 48 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек.
Биыл еліміз ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізеді. Ауқымды шараға өңірден 100 мың адам қатысады деп күтілуде. Бұнда ұлттық павильонда облыстан таңдалынып алынға 8 инвест жоба жұртшылық назарына ұсынылмақ.

 

Риат Шони