Петропавлда ресейлік омарташылардың бал жәрмеңкесі жалғасуда

МТРА жаңалықтары

14:20 2 Наурыз 2017

Қымбат Әлімжанова – қала тұрғыны:

– Балды жиі аламын. Суық тиіп ауырған кезде пайдалы. Әсіресе кішкентайлар үшін. Немерем вирусты тұмаумен ауырып қалды. Енді оны джантак балымен емдеймін. Күнде таңертең жегізіп отырамын.

Ресейлік омарташылар Солтүстік өңірге жиі келіп тұрады. Бұл жолы олар Петропавлға 3 тонна бал әкелген. Бар болғаны бірнеше күннің ішінде мұндағы тәттінің тең жартысы сатылып кеткен.

Оксана Кравченко – кеңесші-сатушы:

– Петропавлдықтарға көбіне ара желімінен жасалған балдың түрі ұнайды екен. Өйткені, ол – табиғи антибиотик, аурудың көп түрін емдейді. Әсіресе, қазір денсаулыққа пайдалы. Суық тиюден сақтануда таптырмайтын зат. Сондықтан, бұл бал бірден сатылып кетті.

Ақпанның 21-і күні жәрмеңкеде балдың 40 түрі жайғасқан еді. Қазір оның 31-і ғана қалған. Тәттінің келісін мұннан 1,5 мыңнан 7 мың теңгеге дейін сатып алуға болады. Дәл қазір келушілердің дені жөкеден жасалған пайдалы затты таңдайтын көрінеді. Өйткені, ол – түрлі дәруменге толы әрі бронхит пен ангина және жүрек-қан тамырлар ауруына ем.

– Ал мынау балдың ең тәттісі әрі сирек кездесетін түрі. Оны омарташылар Башқұртстанда өсетін кандык өсімдігінен дайындайды екен. Аталған тау гүлі 5 жылда 1 рет гүлдейді. Сондықтан балдың бұл түрін дүкен сөрелерінде кездестіру мүмкін емес.

Кандык балы гипертониялық ауруларға шипа. Оның келісі негізі 7 мың теңге тұрады екен. Бірақ, қазір омарташылар оны 3,5 мың теңгеге саудалауда.
Бұдан бөлек мұнда денсаулыққа пайдалы тосап пен халуаның сан алуан түрі жайғасқан. Оны солтүстікқазақстандықтар Жастар сарайынан наурыздың 5-іне дейін сатып алуға мүмкіндіктері бар. Жәрмеңке таңғы сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге жейін жұмыс жасайды.

Айгерим Ержанова