МТРА жаңалықтары

Петропавлда киіз басудан шеберлік сыныбы өтті

Залда көрермендер назарына студенттер қолынан шыққан киіз бұйымдар ұсынылған. Мына кілемшені Гүлсая Өсербаева әзірлепті. Ол қой жүнінен өзі жасаған түрлі ойыншықтар мен әшекейлерді жақындарына сыйламақ.

Гүлсая Усербаева, Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжінің студенті:

– Ең бірінші киізді ыстық сумен бастырып алдым. Кейін, кептіріп, оюмен әрледім.

КПК-дің арнайы пәндер оқытушысы Гауһар Мусина өзінің шеберлік-сыныбын бастады. Шақыртылған қонақтарға боялған қой жүні мен керекті құралдарды үлестіріп берді. Оған колледжде білім алатын суденттер де көмектесуде.

Гауһар Мусина, Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы:

– Мен киіз бастыруды 6 жыл бұрын үйрендім. Ендігі шәкірттерім де меңгеріп алды. Бүгін зейнеттегі ұстаздарымызды шақырып, оларға да көрсеткенді жөн санадық. Киіз басудың екі түрі бар. Дымқыл және құрғақ. Бүгін қонақтарымыз екінші түрін үйренуде. Пенопластқа жүнді қойып, ине арқылы бастырады.

Гауһар Мусинананың шеберлік сыныбын зор ынтамен тыңдағандардың бірі – Сара Наурызбаева. Ардагер ұстаз бар зейінімен гүл жапырақтарын жасауда.

Сара Наурызбаева, еңбек ардагері:

– Бүгін үйренуге тырыстым. Зейнетте болғандықтан, бос уақытым көп. Айналысатын іс те керек.

Міне 15-20 минуттың ішінде бірқатары жасаған гүл де дайын болып қалды. Кейін, студенттер оларға өздерінің қолынан шыққан әсем түйреуіштерді сыйлады.

 

Акбопе Танирберген