МТРА жаңалықтары

Отбасы мүшелерін ажал аузынан аман алып қалған Никита Кукушкин марапатқа ие болды

Замандастарынан оқуда озат болмаса да, өмірлік тәжірибеде Никита Кукушкин алда. Бейбіт күннің батыры бұл ісін ерлікке баламайды. Тек керек кезде шырт ұйқымнан оянып кеттім дейді.

Никита Кукушкин – №44 орта мектеп оқушысы:

– Кешке таман әке-шешем жұмыстан келіп, арақ ішті. Кейін барлығы ұйықтауға кетті. Бірақ, пеш үстінде табада тамақ қалып қойыпты. Мен түнгі сағат бірде дәретханаға баруға оянған едім, үйдің іші көк түтін болды. Бірден әкем мен атамды ояттым. Ешкім тұрған жоқ. Кейін көрші үйде тұратын ағамды көмекке шақырдым. Ол маған бәрібір, өздерің шешіңдер деді. Кейін анамның телефонын алып, жедел жәрдем қызметін шақырдым.

Бүгін ерлік танытып отбасы мүшелерін ажал аузынан аман алып қалған Никита Кукушкинге облыстық ТЖД бастығының атынан орынбасары Нұрлан Атығаев алғыс айтып, марапат табыстады. Сонымен қатар әрдайым байланыста жүрсін деп ұялы телефон сыйлады. Жалпы №44 орта мектепте білім алатын Никита Кукушкин тұрмысы төмен отбасыда тұрады екен.

Салтанат Буксикова – №44 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Никита жақсы бала. Тәртібі жақсы. Бірақ, отбасысы нашар тұрады. Анасы жұмыс істемейді.

Жалпы сол түні тұншықтырғыш газдан уланып қалған Никита Кукушкиннің жақындары бір аптаға жуық ауруханада жатып, тиісті ем-дом шараларын алған. Қазір барлығының да денсаулықтары жақсы екен.

 

Риат Шони