МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында жас кондитерлер сайысы өтті

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қазір қатысушылар сайыстың ең соңғы кезеңіне жетті. Олар кондитерлік өнімді безендіру үстінде. Торт дәмді ғана емес, әдемі болуы үшін бұл жұмысты байыппен, мұқият орындау қажет. Ал бірер минуттан кейін тәттілер қазылар алқасының алдына ұсынылады.

Анастасия Ткач сабақ барысында тәттілердің жаңа түрлерін үйреніп, олардың қыр-сыры мен құпиясына қанық болыпты. Енді нәзікжанды бар білгенін тәжірибеде қолдануға тырысуда. Настяның айтуынша, осы тортты әзірлеуде ең қиыны – безендіру жұмыстары.

Анастасия Ткач – сайысқа қатысушы:

– Сайыс тақырыбы көктеммен байланысты. Сол себепті, мен бәйшешек гүлдері мен өз інінен шығып келе жатқан қоянды бейнеледім. Ол үшін мен жеуге жарамды мастиканы қолдандым. Торттың дәмі тіл үйіретініне сенімдімін. Жеңіске жетемін деген ойдамын.

Жалпы Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінде кондитер мамандығы бойынша 25 студент білім алуда. Олардың барлығы аталмыш сайысқа қатысқан, алайда ақтық мәреге тек алтауы жетті.

Лариса Чупина – Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің оқытушысы:

– Қатысушылар тақырыптарын өздері таңдайды. Дайындықтары мен деңгейлері әр түрлі. Оларға ұсынылған жартылай дайын өнімнен 1 сағат ішінде тортты безендіру қажет болды. Әсемдеу жұмыстары олардың қиялдарына байланысты.

Дайын өнімдер қазылар алқасынан тиісті бағасын алған соң, шақырылған қонақтарға дәм тату үшін ұсынылды.

 

Эльмира Садуакасова