МТРА жаңалықтары

Қалалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Александр Казанцев – қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Кейбір жеке меншік балабақшалар бала басына ата-аналардан ай сайын 40 мың теңге алады. Бұл баға тым жоғары. Сол бизнесмендердің біразын танимын. Олар балқып-шалқып өмір сүріп жүр. Мейрамханалардан жиі көремін. Ал үйінде бүлдіршіні бар ата-аналардың жағдайын кім ойлайды. Фискалдық органдар жеке меншік балабақшалардағы бағаның көтерілмеуін ұдайы бақылап отыруға міндетті.

Биыл жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар жол ақысын бірден 23 пайызға көтеріп, яғни 80 теңге қылмақшы. Бұл ұсынысты қоғамдық кеңес мүшелері талқыға салды.

Болат Омаров – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда дизельдік отын, қосалқы бөлшек саймандар мен коммуналдық қызметтердің құны жоғарылап кетті. Осының салдарынан жолаушыларды тасымалдаушылардың шығындары өсіп жатыр. Автобус жүргізушілері 70 мың теңге жалақыға жұмыс істеуге келіспей жатыр.

Қаламызда жолақы соңғы рет 2014 жылы көтерілген. Содан бері тұрғындар қызмет көрсету сапасының еш жақсармағандығын айтып, қалалық әкімдік пен депутаттарға сан мәрте шағымданыпты.

Бақытжан Сәмиева – қалалық қоғамдық кеңестің төрайымы:

– Сіздердің жағдайларыңызды түсінуге болады. Бірақ, біз тұрғындардың да пікірін ескеру керекпіз. Сіздер қоғамдық тыңдалым өткізіп, азаматтарға компанияда болып жатқан жағдайды түсіндіріңіздер. Сайман, дизельдік отынға кететін барлық шығынды есептеп, бізге нақты кесте ұсыныңыздар.

Бұл сұрақ қоғамдық кеңестің келесі отырысында тағы да талқыланбақ. Одан кейін жолақыны көтеру бойынша ұсыныс қалалық мәслихаттың сессиясында қарастырылады.

Берік Қасен