Ауыл шаруашылығы

Петропавлда малдарды вакцинациялау шарасы басталды

Бүгін мал дәрігерлері Рыжов көшесі, 42 мекен жайында тұратын Олег Волыриннің үйіне бас сұқты. Төрт-түлікті 30 жыл бойы ұстайтын ер азаматтың 4 сиыры, бір бұқасы мен тағы сонша тайыншасы бар. Ветеринарлар ірі қарадан бруцеллездың бар-жоқтығын анықтау үшін қан сынамасын алады. Оны зерттеп, нәтижесін шығарады. Ал былтыр туылған төлдердің құлағына нөмірленген сырға салып, белгілейді.

Олег Волырин – қала тұрғыны:

– Бұрындары бұндай екпе жұмыстары 5 жылда бір рет жүргізілетін. Қазір екі жылда жасайтын болды. Екпе егу тегін. Бұның барлығы өзіміз үшін керек қой. Малдың сүтін ішіп, етін жейміз. Оның ауру болмауы ең бастысы өзімізге қажет.

Сондай-ақ, ірі қараның туберкулезбен ауырмайтындығын анықтау үшін малға дәрі егіледі. Егер де ірі қараның терісі ісіп кетсе, онда ауру екендігін білдіреді. Қуанышқа орай, бұндай жағдайлар әлі кезіккен жоқ.

Ибарим Көрпенов – Қалалық ветеринарлық станцияның директоры:

– Сібір жарасы деген қауіпті вирус бар. Оған қарсы екпені енді үш күннен кейін жүргіземіз. Бұл шараларды жүргізуге бюджеттен 1,5 млн теңге бөлінді.

Жалпы төрт-түлікке көктемгі екпе егі жұмыстарын мал дәрігерлері көк шыққанға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отыр.

 

Риат Шони