МТРА жаңалықтары

Мәдени шараны ұйымдастырушылар мен жүргізушілер байқауы

Бірнеше шараларды өткізіп, талай аудиторияның ықыласына бөленіп жүрген ұйымдастырушылар мен жүргізушілер бүгін ерекше қобалжу үстінде. Өйткені, бұл – олардың шығармашылығы сыналатын сайыс. Сондықтан, Мамлют ауданының намысын қорғамаққа келген Ерғали Зиябек пен Марат Кәрімов жарысқа тыңғылықты дайындалыпты.

Ерғали Зиябек – Мамлют ауданының мәдени орталығының әдіскері:

– Бұл сайысқа «Хохотушкиндер – қонақта» деген бағдарламаны алып келдік. Біз тек сайқымазақ рөлін ғана сомдамай, көрермендермен де жұмыс жасаймыз. 

Сайқымазақтардың киімін киіп келген жұп жұртшылықтың ерекше назарын аударып, аудиториямен тез-ақ тіл табысып кетті.

Жалпы мұндай шаралар екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Ондағы мақсат – жүргізушілер мен мәдени шараны ұйымдастырушылардың басын біріктіріп, тәжірибе алмасу.

Жарқын Жұпархан – Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының қызметкері:

– Мәдени салада жүргендер өздері ойын-сауық бағдарламаларды ұйымдастырады. Танымал адамдардан тәжірбие алады. Алда көптеген мерекелер күтіп тұр. Соларды қаншалықты қызықты өткізу керектігі де үйретіледі.

Жалпы байқауға 13 аудан мен облыс орталығының өнерпаздары қатысты.

 

Магжан Ахмадина