Мәдениет

Юрий Зайберттің шығармашылық кеші өтті

Бүгінгісін “Нота 65-ый высоты” деп атаған. Орындаудағы ерекшелік – рояль, гитара және срипка. Юрий Зайберт барлық әндерін осы үш аспаптың сүйемелдеуімен айтуда. Мерейтойымен кеш иесін құттықтап келгендердің қарасы қалың. Арасында үзеңгілес досы, ауылдасы Темірғали Әбілмәжінов те бар.

Мәдениет саласының үздігі Юрий Феодорович – 100-ге жуық әннің авторы. Оның шығармалары көбіне әскери-париоттық, балалар және лирикалық тақырыпты қамтыған. Бүгінде автордың “Сталинградский солдат”, “Мальчишки”, “Память” сынды әндерін Петропавлдан бөлек, Новоникольск, Якорь, Бескөл сынды қалаға жақын ауылдардан келген өнер ұжымдары орындауда.

Юрий Зайберт, – ҚР мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері:

– Меніңше музыка мен өлең егіз. Шабытым келіп өлең жазамын. Кейін музыкасы өзімен-өзі келеді. Қазір 5 әнім өңделіп жатыр. М.Жұмабаевтың “Туған жер” өлеңіне ән жаздым. Өзімнің барлық жерде орындайтын сүйікті өлеңім “Песня друзей” деп аталады. Бүгін ешкім естімеген 6 жаңа әнімді орындаймын. Шығармашылық кешке бр жарым ай дайындалдық.

Юрий Феодоровичке өз әкесінен берілген бұл талант немересі Мария мен ұлы Александрға да берілген. Немересінің айтуынша Зайберттер шаңырағында әнсіз ешбір мейрам өтпейді.

Мария Зайберт, – Юрий Зайберттің немересі:

– Ақкөңіл, жанашыр жан. Мен басқа мамандықты таңдап оқуға түскенде атам ренжіді. Бүгін жеке концертінде сахнаға шығып, ән салуымды өтінді. Менің музыкант болуымды қалады. Сонда да атам барлық уақытта қолдап отырады. Әрқашан үйретуден жалықпайды.

Бүгін Юрий Зайберттің шығармашылық кешіне әріптестері, жолдастары, туған-туыстары мен өнерін сүйіп тыңдайтын қала тұрғындары да жиылған. Көңілді кеш көрермендердің көңілінен шықты.

Владимир Лебедев:

– Әрі әннің, әрі сөзінің авторы болу – ғажап құбылыс. Жүректен жүрекке жеткізіп орындай да алады. Қазір оның бірнеше кітабы басылып шақты. Меніңше ол тудыратын шығармалар әлі де көп болады.

Галина Чиркина:

– Концертке арнайы Бескөл ауылынан келдім. Көңілім шалқып шықтым. Кез келген әнді әуеніне келтіріп орындайды. Концерт ұнады.

Мейройлық кеш екі жарым сағатқа созылды. Түрлі тақырыптағы 20-дан артық ән орындалды.

 

Акбопе Танирберген