Спорт

Петропавлда желмен жарыса жүйіткіген темір тұлпар иелері мұз үстінде айқасты

Виталий Белибо – ҚР автомотоспорт федерациясы СҚОФ жетекшісі:

– Бүгінгі жарысқа шамамен 18 адам қатысуда. Сайыс талабы бойынша олар шеңбер бойымен екі айналым жасаулары қажет. Берілген қашықтық 2 шақырымды құрайды. Мұздың үстінде барлық қауіпсіздік шаралары ескерілген. Бізге мұндағы қарды салмағы 11 тонналық трактор аршып берді. Сол себепті, мұз опырылып кетеді деген қауіп жоқ. Жалпы жарыста екі мәрте жеңіліс тапқан көлік иесі сайысты аяқтайды.

Мұз үстіндегі айқаста түрлі маркалы көліктерді кезіктіруге болады. Кеңестік “Жигули”, “Москвичтерден” бастап заманауи шетелдік темір тұлпарлардың барлығы осында.

– Артқы, алдыңғы және де толық жетекті көліктер. Бүгінгі жарыста дәл осы үш санатта темір тұлпарлар жарысатын болады. Мәселен, мына тойота көлігі артқы жетекті көліктермен бірге сынға түсетін болады. Сонымен қатар, жарыс талабы бойынша автошабандоздың көлікті қанша жыл бойы айдап жүргендігі де маңызды емес. Бастысы жүргізуші куәлігі болса жеткілікті. Бізде бүгін түсірілім тобымызбен жарысқа қатыспақ ойдамыз. Менің әріптесім Жансұлу бүгін штурман болады. Ал ендеше бізге сәттілік.

Ал жарыс жолындағы менің қарсыласым Ауди көлігін тізгіндеген Виктор Заика болды. Мұз үсті тас жол емес. Оның үстіне қатты бұрылыстар көп. Көліктің рөліне енді ғана отырған мен үшін бұл кедергілер өте қиын болды. Ал темір тұлпарды 20 жылдай тізгіндеп жүрген Виктор Заика өзінің кәсіби жүргізуші екендігін дәлелдей түсті. Барлығын емін-еркін еңсеріп, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Виктор Заика – жарысқа қатысушы:

– Жарыстағы мақсатым бір. Ол – көлікті тайғақ жолда жүргізе білу. Қазір жолдарда көктайғақ басталады. Сол кезде тығырықтан шыға білу керек. Бұндай келеңсіз жағдайлар көптеп кездесіп жатады. Бұл ретте осындай жарыстардың ұйымдастырылғандығы орынды.

Шынымен де жүргізушілер мұз үстінде өздерінің кәсіби біліктіліктерін шыңдай түсуде. Бірақ, қатты бұрылыстарда рөлге ие бола алмай опа қарға тұрып қалған көліктер де болды. Оларды арнайы техникалық қызметкерлер шығарып алып, жарыс жолына қайта қосып жатты.

– Жарыс ережесі конькимен жүгіру спорты секілді. Бұнда да жолға екі шабандоз шығып, өздеріне берілген жолақпен шеңберді айналып өтеді. Кейін бір-бірінің жолақтарымен алмасып, жарысты әрмен қарай жалғастырады.

Бұл ішкі және сыртқы жолақтармен алмасу керемет көрініс тудырады. Көліктің мұз үстімен, сырғуы әсіресе, көрермендердің делебесін қоздырып, жарысқа көрік беруде.

– Жарыс жақсы өтуде. Көлікті жақсы айдайтындар да бар екен. Кәсіби шеберліктері көрініп тұр.

– “Москвич”, “Субару” көліктері жақсы жарысып жатыр. Дегенмен де қозғалтқышы кеңестік машиналардың емес, замануи көліктердікі мықты ғой. Сол себепті, “Субару” жеңіске жетеді деген ойдамын.

Үш сағатқа жалғасқан жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер, диплом, кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 

Риат Шони