МТРА жаңалықтары

Өңірдегі эпизоотикалық жағдай тұрақты

Ербатыр Мадияров – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Өткен жылы бруцеллёзге қарсы 453 230 бас ірі қара, 633 139 ұсақ мал, туберкулёзге қарсы 481 мың сиыр зерттелді. Сібір жарасына қарсы 857 840 бас барлық мал түрі вакциналанды.

Нәтижесінде өңірде бруцеллезбен ауыратын мал саны азайған. Облыс аумағында аса қауіпті ауру ошақтарының пайда болуына жол берілмеді. Және сібір жарасымен ауырған мал өлекселерін көму орындары толығымен коршалыпты.

Ербатыр Мадияров – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Облыс аумағындағы барлық 161 сібір жарасы бар көмінді белгіленіп, құқық белгілеуші құжаттар дайындалды. Мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізіліп, топографиялық карталарға түсірілді, саңылаусыз қоршаумен қоршалып, «Абайлаңыз, сібір жарасы!» деген аншлагтар орнатылды.

Былтыр өңірдегі 659 нысан тексеріліп, рейдтік шара жүргізіліпті. Қорытындысында 700-ден астам ветеринариялық заңбұзушылық анықталды. 488 мекемеге 16 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Сараптама нәтижелері бойынша 6 247 кг сапасыз өнім сатуға жіберілмей, жойылды. Қазір мамандар қаладағы 12 сауда нысанына түсетін шикізат және жануарлардан алатын өнімдерге күнделікті мониторинг жүргізеді. Спикерлердің айтуынша, өткен жылы өнімдерден қауіпті инфекция табылған жоқ.

Өңірде қараусыз қалған иттер мен мысықтардан да келетін қауіп бар.

Марат Ыбыраев – облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Былтыр 13,5 мың қаңғыбас жануар ауланды. Қабылданған шаралар арқасында жануарлардың құтыруы тіркелген жоқ. Өткен жылы иттерді аулауға облыс қазынасынан 28 млн теңге бөлінді. Биыл да осы мақсатқа сонша сома қарастырылған. Бүгінде ит пен мысықтардың өлексесі Шаховское тас жолы маңындағы қатты қалдықтар полигонында пешке жағылады.

Бүгінде көршілес Ресейде індеттердің ошақтары көптеп кездесуде. Сондықтан, алдағы уақытта шекара бойында орналасқан ветеринарлық пунктер қажетті материал, техникалармен жарақталады.

Берік Қасен