МТРА жаңалықтары

Биыл апаттық жағдайдағы ағаштарды кесуге қала қазынасынан 10 млн теңге бөлінді

Антонина Спивакова – Интернациональная көшесі, 48-ші үйдің тұрғыны:

– Алдыңғы жылдары ауламызда өсіп тұрған 3 кәрі ағаш өзінен өзі құлады. Абырой болғанда, ешбір адам зардап шеккен жоқ. Осы жылы біз аталмыш мәселені шаһар басшысының есептік кездесуінде көтердік. Марат Тасмағанбетов өтінішімізді жерде қалдырмады. Алғысымды айтамын.

Одан басқа қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің тапсырмасы бойынша осы үйдің ауласына балалар алаңқайы орнатылмақшы. Жалпы биыл 400 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылмақ.

Дархан Айтпаев – қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

– Биыл шаһардағы апаттық жағдайда тұрған ағаштарды кесуге қала қазынасынан 10 млн теңге бөлінді. Биыл 400 ауладағы ағаштар кесіледі. Негізгі жұмыстармен “Еңбек-Қызылжар” кәсіпорны айналысады.

Көктемде Интернациональная көшесіндегі 48-ші үйдің тұрғындары өз қаражаттары есебінен аулаға қайың ағашының жас көшеттерін отырғызбақшы. Осылайша олар қаланы көгалдандыруға тамшыдай болсын үлестерін қосады.


Берік Қасен