Спорт

Айыртау ауданында “Солтүстік-2017” облыстық қысқы спорт ойындары өтті

Алексей Данаев – төреші:

– Жарысқа 7 құрама қатысуда. Олар екі топқа бөлінген. Әзірге, финалға бір-ақ команда шықты. Ойынға келер болсақ әрбір матч тартысты өтуде. Жігіттер сайсқа жақсы дайындалған екен.

Кейін, Тимирязев пен Мамлют аудандарының футболшылары арасында ойын өтті. Бірінші таймда тимирязевтықтар алғаш болып есеп ашты.

Дегенмен, сары түсті жейдедегі аяқ допшылар тез ес жиды. Олар тимирязевтықтарды әбден тығырыққа тіреп, соңында қарсыластан жеңісті жұлып алды. Әсіресе, бұл команда сапындағы Риат Бектемировтың ойыны көз сүйсіндіреді. 20 жастағы жігіт бірнеше мәрте өзі қорғаған қақпаны голдан аман сақтап қалды.

Риат Бектемиров – Мамлют ауданы құрамасының қақпашысы:

– Ойын өте қиын өтті. Қарсыластарымыз оңай шағылар жаңғақ емес. Алғаш болып гол жібергенімізбен кейін есе қайтардық. Бұл құрамадағы жігіттердің шеберлігі деп білемін.

Осы сәтте шаңғы базаында да жарыс қызды.

– Бүгін Айыртауға өңірдің үздік шаңғышылары жиылды. Республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпаздары қазір сынға түспек.

Бүгін шаңғышылар арасында командалық жарыс өтпек. Әр құрама сапында 2 спортшыдан.

Алғаш болып сайыс ерлер арасында өтті. Эстафеталық сында жігіттер әрқайсысы кезекпен ереже бойынша 3 айналымды еңсеруі тиісті. Бұл – 4 жарым шақырым жол. Жарыстың алғашқы минуттарынан айыртаулық шаңғышылар көш бастады. Облыстық додалардың бірнеше мәрте жүлдегерлері Руслан Байпаков пен Бекентай Тұрлыбековтың жұбы шашасына шаң жұқтырмады. Олар мәре сызығын 25 минут 12 секунтта кесіп өтіп, чемпион атанды.

Бекентай Тұрлыбеков – шаңғышы, Айыртау ауданы:

– Қарсыластарымыз аса қиындық тудырған жоқ. Барлығы өзіміз жоспарлағандай өтті. Дегенмен, кейбір дөңес жерлерге шығып, одан жылдамдықпен түсу ауыр болғанын жасырмаймын. Өйткені, ондай жерлерде жығылып қалуымыз әбден мүмкін еді. Алайда, қателікке бой алдырмай, мәреге бірінші болып келдік.

Кейін, жарыс жолына шаңғышы әйелдер шықты. Бойжеткендердің әр бірі 1000 метрден тұратын 3 айналым жасайды. Бұл сында Жамбыл ауданының намысын 19 жастағы бойжеткен Ақерке Бәкібаева қорғады.

Ақерке Бәкібаева – шаңғышы, Жамбыл ауданы:

– Мен 3-ші сыныптан бастап шаңғы спортымен айналысамын. Кеше 5 шақырымға жүгірдім.

Келесі күні шорт-тректен жарыс өтті. Мұз үстінде көз ілеспес жылдамдықпен сырғанаған ұл-қыздар көрерменге қызықты тартыс ұсынды.

Бұл сайыста Аққайың, Ғ.Мүсірепов және М.Жұмабаев ауданының споршылары жақсы өнер көрсетіп, қоржындарына ұпай салды. Тағы, бұл күні шайбалы хоккейден финалдық матч өтті. Қазір мұз айдынында Айыртау және М.Жұмабаев ауданының хоккейшілері күш сынасуда. Ойын тартысты өткені соншалық, жігіттер қызбалыққа салынып жұдырықтасып та алды.

Кездесудің әр периоды 15 минуттан тұрады. 2 кезеңде көрермен соғылған шайбаны көре алмады.

– Көзді шапы жұмғанша ойынның қос кезеңі артта қалды. Қазір 3-ші период өтуде.

Шешуші кезеңде М.Жұмабаев ауданы құрасының жолы болды. Қызыл жейдедегі жігіттер ұтымды сәттердің бірінде есеп ашып, алға шықты.

Бұл басымдықты олар ойын соңына дейін ұстап, жеңіске жетті.

Иван Калиниченко – М.Жұмабаев ауданы хоккей құрамасының капитаны:

– Спартакиада өте жоғары деңгейде өтті. Біз өзіміздің тобымызда 2 кездесуде ұтып, біреуінде ұтылдық. Жинаған ұпайымызға байланысты ширек финалға шықтық. Онда жолымыз болып, ақтық кезеңде айыртаулықтарды тізе бүктірдік. Бұл жеңісімізге қуаныштымыз.

3 күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша үздік үштікті М.Жұмабаев ауданының құрамасы тұйықтады. Оларға 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал, екінші орында айыртаулықтар. Жергілікті спортшылар 200 мың теңгені жеңіп алды. Ғ.Мүсірепов ауданының жастары чепион атанды. Жеңімпаз командаға кубок пен 300 мың теңге табыс етілді.
Жарыс соңында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова сайыс ұйымдастырушылары – айыртаулықтарға өңір жетекшісінің атынан “Газель” автокөлігінің кілтін табыстады. Айта кеткен жөн, келесі жылы “Солтүстік-2018” облыстық қысқы спорт ойындары Есіл ауданында өтеді.

 

Култанов Байболат