МТРА жаңалықтары

Қалада “Макулатура тапсыр да, ағаштың өмірін сақтап қал” акциясы бастау алды

Елизавета Кужелева – Бірінші гимназияның оқушысы:

– Бұл акция біздің ойымызша ұрпақтар сабақтастығын сақтайды. Адал ниетпен жасаған көмек, қайырымдылықтың, ризашылықтың не екенін сезінуге көмектеседі.

Жалпы бұл игі шара бірінші гимназияда ақпанның басында басталыпты. Оған 700-ге жуық оқушы қатысып, 400 келіге жуық қағаз тапсырған. Мектепте дәптер, газет-журналдар мен ескі кітаптарды жинау үшін арнайы қоқыс жәшігі орнатылыпты.

Қайыржан Айсин – “Вторсырье” ЖШС директоры:

– Біз макулатураның келісін 17 теңгеден сатып аламыз. Біздің сайтта қай мектептің қанша жинағандығы жайлы жарияланып тұрады. Шарадан түскен барлық қаражат науқас балалардың еміне жұмсалады. Жоспарымызда осындай қоқыс жәшігін мемлекеттік мекемелер мен мектеп, колледж және университетте орнату бар. Өткен жылы дәл осындай акция өткізіп 35 тонна қағаз жинадық. Оған 400 мың теңге төленіп, түскен қаражат мұқтаж балаларға берілді.

Жиналған макулатура Алматы қаласына жөнелтіліп, қайта өңделеді. Кейін одан дәретхана қағазы, сүлгі сынды тауарлар жасалады. Негізі қағазды алты рет қайта өңдеуге болады. Ал макулатураның 1 тоннасы 5 түп ағашты құтқарады екен.

 

Риат Шони