МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Өнер шебер” студиясы ашылды

Мұндай бұйымдардың күтімі жақсы болса 20 жылдан артық сақталады екен. Көздің жауын алатын әдемі заттар өте көп. Қыздарға арналған гранат, малахит, көгілдір ақық сынды тастардан тізілген моншақ-сырғалар алда келе жатқан әйелдер мересіне таптырмас сыйлық болары сөзсіз. Қызылжарда саусағынан өнер тамған жандар жетерлік. Олардың барлығы қолдарынан шыққан заттарын “Еуразия” базарында орналасқан осы бөлімге әкеліп, сатылымға қоюына болады. Бұл студия барлығына ортақ.

Татьяна Дремелецкая, Еуразия базарының әкімшісі:

– Петропавл қаласының мәдениет және кәсіпкерлік бөлімдерімен бірлесе отырып осындай көркемөнер салонын аштық. Барлық суретшілер мен қолөнер шеберлері үшін сөрелерде орын бар. Ол үшін ақша алмаймыз. Қаламызда көркемөнер бұйымдары сатылатын орындар аз. Бұндай ой туындауының себебі осы. Салон 3 бутикті, яғни 60 шаршы метр жерді алып тұр. Егер олар жалдайтын болса үш бөлім үшін айына 90 мың теңге төлер еді. Біздікі өнерді қолдау дер едім.

Бүгін жаңа туындыларын арқалап келгендердің бірі – Анна Зирюкина. Нәзікжанды шыныны балқытып естелік заттар, сағат, мойыншақтар жасайды екен. Сутдиядағы екі бірдей сөреде оның қолынан шыққан дүниелер тізулі тұр.

Анна Зирюкина, шыны шебері:

– Интернеттен қарап техникасын үйрендім. 6 жыл ішінде әбден машықтанып алдым. Алғашында шынымен қолымды жиі жаралап алатынмын. Қазір оны да аңғармайтын болдым. Басқа ешқайда жұмыс жасамаймын. Бұл менің табыс көзім. Бұрын көшеге шығып саудалайтынбыз. Мынадай бөлімнің ашылғаны қуантпай қоймады.

Мұнда өңіріміздегі танымал ағаш шеберлері Айдарбек және Болатбек Қалдыровтардың еңбектері де тұр. Қазақ халқының ұлттық аяқ-табақтарын облысымзға келген маңызды қонақтарға сыйлау үшін сатып алып жатады дейді, мұндағы кеңесші-сатушы Валентина Варобьева. Қылқалам шеберлері салған картиналар бірінен-бірі өтеді. Бағалары 200 мың теңгеге дейін жетеді. Мұндай дүниелерге өнерді бағалайтындар мен коллекционерлер құмар.

Валентина Воробьёва, “Өнер шебер” студиясының кеңесші-сатушысы:

– Аққайыңдар өлкесінде тұрып, бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланған шеберлер – Козловтар отасы. Мына қабырғада тұрған заттардың барлығы қайыңның қабығынан жасалған. Табиғи таза. Бұл тақия қобдишалар сонысымен құнды.

“Өнер шебер” студиясы Еуразия базарында жазға дейін тұрақтамақ. Қазір қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Мурадов көпестің диірменінің ішінен қолөнер шеберлеріне арналып орын бөлінбек. Мұндағы мақсат – мәдени құндылықтарды жандандырып, қолынан іс келетін жандарға қолдау көрсету.

 

Акбопе Танирберген