Құқық қорғау органдары

Өңірде құқық қорғау органдарының кезекті ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Бұл ретте өңірдің тәртіп сақшылары конференцияға жиылған жұртшылыққа арнайы видеоролик даярлаған. Мұнда жол полицейлері бір көлікті тоқтатып, әдеттегі тексеріс жүргізеді. Кейін жүргізушінің рөлге масаң күйде отырғаны анықталған. Бірақ мұны ер азамат мойындар емес. Сондықтан тәртіп сақсышы ұсталған темір тұлпар иесінің куәлігін алып, жүргізушіні наркологиялық диспансерге апаруына тура келеді.

Орталықта жүргізушінің алкоголді ішімдік ішкен-ішпегенін анықтау үшін қан алынады. Бірақ апта күні жұма болғандықтан, оның нәтижесі тек екі күннен кейін ғана дайын болады екен. Сол себепті тәртіп сақшысы ер азаматтың көлік жүргізу куәлігін қайтарып беруге міндетті. Ал әрі қарай масаң күйде көлік тізгінін ұстаған жүрзушінің қандай оқиғаға душар болатыны белгілі.

Мұндай оқыс жағдайдың алдын алу үшін маңызды құжатқа біршама өзгертулер енгізген жөн дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов.

Марат Қоғамов – ҚР ІІМ Қоғамдық Кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы:

– Қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару кодексінің қолданысқа енгізілгеніне 3 жылдан асты. Осы мерзім аралығында заңды практика жүзінде қолданып жатырмыз. Алайда, заң мүлтіксіз жазылған деп айта алмаймын. Сондықтан мен солтүстікқазақстандық полицейлермен тағы да жүздесіп, олардың ұсыныс-тілектері мен пікірлерін білуге келдім.

Дәл осындай ғылыми-тәжірибелік конференцияны өңір полицейлері осымен 4-ші рет ұйымдастыруда. Бұл жиында облысымыздың құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен заңнаманы шығарушы азаматтар жүздесіп, пікір алмасуда. Өз кезегінде тәртіп сақшылары бұл кездесудің нәтижелі болатынына сенімді.

Қанат Айтбаев – СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– 2015 жылы заң қабылданғалы біз дәл осындай жиынның 4-ін өткізіп жатырмыз. Жақын арада нәтижесін көреміз деп ойлаймын.

Бұдан кейін конференция секциялық отырыстармен жалғасты.

 

Айгерим Ержанова