МТРА жаңалықтары

Өңірде домбырашылардың «Таусылмас қайнар» байқауы өткізілуде

Батырхан Шитканов, 20 мектептің оқушысы:

– Мен жаңа ғана сахнаға шығып Дина Нұрпейісованың Тойбастар деген күйін ойнадым. Шатастарған жоқпын. Қорыққан жоқпын. Мен үлкен болғанда барлық күйді жаттап алып, атақшы домбырашы боламын.

Кішкентай күйшілер байқаудың қызығына еніп, өзара бақ таластырып жатқанда, ересек топтағы өнерпаздар дайындықтарын пысықтауда.

Сара Қамбарова 30-дан артық күйді жатқа біледі. Қос ішекті аспапты жанына серік еткеніне 9 жыл болған. Бұл өнер әжесі мен әкесінен дарыған екен. Бүгінгі байқауда бас жүлдені қанжығасына байлаудан үмітті.

Сара Қамбарова, , Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің тәрбиеленушісі:

– Мен домбырада ойнағанда өзіме ееркше әсер аламын. Шертпе де, төкпе де күйлерді жақсы көремін.  Бүгінгі байқауда Құрманғазының Қызыл серпер күйін ойнаймын. Жүлделі орыннан үміттімін.

«Таусылмас қайнар» байқауы биыл өңірімізде үшінші мәрте өткізілуде. Домбырашылырдың дүбірлі додасы өмірден ерте озған жерлес күйші Думан Күдеровты еске алуға арналып отыр. Бүгін қазылар алқасының құрамында отырған марқұмның анасы Тойкен Күдерова ұлының ізін басатын жастардың көбейгеніне дән риза. Жалпы ұйымдастырушылардың айтуынша қатысушылар саны жыл сайын артып келе жатыр екен.

Гүлмайда Мүсетаева, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «СҚО ПҚ БАИ» жетекші маманы:

– Аймақтық байқау болғандықтан Ақмола облысынан қатысушлар келді. Барлық аудандар мен облыс орталығынан оқушылар қатысып отыр. Барлығы 73 сайыскер. 3 топқа бөлінген. 8-10, 11-13, 14-16 жас аралығындағы балалар.

Қазылар алқасында ұлттық аспаптың қыр-сырын меңгерген мамандар отыр. Олар жас күйшінің сахнада өзін ұстауынан, шығарманы айызын қандырып орындай алуына дейін назар аударады.

Қайырлы Ғафуров, Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің халық аспаптар бөлімінің жетекшісі:

– Байқаудың талаптары 8-10 жастағы балаларға өзін ұстауын, өнерін ашық көрсетуіне қараймыз. Ал, орта топ пен жоғарғы топтағы өнерпаздарға шығарманың техникалық мүмкіндігін, характерын жеткізіп орындауына қазылар алқасы көңіл аударады.

Байқау қорытындысында үш топтағы өнерпаздар жеке-жеке бірінші, екінші, үшінші орындармен марапатталады. Бас жүлде мен арнайы номинация иелері анықталып, бағалы сыйлықтарға қол жеткізеді.

 

Акбопе Танирберген