МТРА жаңалықтары

Биыл өңірде 3 тілді меңгерген солтүстікқазақстандықтардың саны 9%-ға артады

Нұрлан Жамантаев – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары:

– Жыл сайын облыс тұрғындары үшін тілдерді оқыту ұйымдастырылады. Қазір облыс бойынша тілдерді оқыту бойынша 140 топ жұмыс жасауда. Оның 115-і қазақ тілін, ал қалған 25-нде ағылшын тілін үйретеді.

Қазақ тілін меңгеру бойынша облысымыз өзге аймақтармен салыстырғанда әлі де көш соңында келеді. Қазір өңір тұрғындарының 48%-ы мемлекеттік тілді игеріпті. Ал 2019-шы жылға дейін бұл көрсеткішті 52%-ға дейін көтеру көзделіп отыр. Десе де жерлестеріміздің 95%-ы орыс тілінде еркін сөйлейді екен. Ағылшын тілін меңгерген солтүстікқазақстандықтардың саны қазір 12%-ға жетіпті. Бүгінде үш тілді оқыту жұмыстары аудандарда да қарқын алған.

Нұрлан Жамантаев – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары:

– Әр аудан бойынша ағылшын және қазақ тілдерін оқыту бойынша қосымша топтар ұйымдастырылды. Жалпы 56 топ қаза тілінде, ал 7 топта ағылшын тілі ұйымдастырылады.

Былтыр дәл осындай жұмыстың арқасында 2500 солтүстікқазақстандық шет тілі мен мемелекеттік тілді меңгерген. Биыл да мұндай курстар жалғасып, 3 тілді жақсы білетін жерлестеріміздің санын 9%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Айта кеткен жөн, қазақ және ағылшын тілін үйренгісі келетіндер Петропавлдағы тілдерді оқыту орталығына барып, тегін білім ала алады. Ол Абай көшесі, 64 мекен жайында орналасқан.

 

Айгерим Ержанова