МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңесте 6 сұрақ қаралды

Владимир Отрадных, ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспеция комитеті СҚО аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:

– Өткен жылы облыстық, қалалық және аудандық инспецияларда 41 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 37-сі қызметтік дисциплинаны, 3-уі тәртіптік кодексті бұзғаны үшін және біреуі мемлекеттік қызметтің беделін түсіруге байланысты.

Бұнымен біте қойса жақсы. Инспекция қызметкерлерінің заң бұзушылыққа қатысты жаңа фактілері бар болып шықты.

Ғалым Тұрсынбаев,ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Былтыр үшеуін жұмыстан шығардық. Сіздерде недеген бітпейтін былық? Жақында дәл осы инспекцияның бір қызметкері ішіп алып рөлге отырып жол апатын тудырады, адамға жұдырығын ала жүгіреді. Бұл туралы сізден басқа бәрі біледі. Тергеу де жүріп жатыр.

“Облыстық АӨК инспекциясы жемқорлыққа қарсы жұмыстарды тым нашар жүргізді” деп тапқан кеңес өкілдері ауыл шаруашылығы министірлігіне хат жазатындарын айтты. Ал, мемлекеттік кірістер департаменті керісінше, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Төлеген Қабдөшев – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

– Өткен жылы тәртіптік кеңес комиссиясымен 32 қызметтік іс қаралды. Нәтижесінде департаменттің 32 қызметкері жауапкершілікке тартылды. 6-уы ескерту түрінде жазаланса, 13-і сөгіс алып, 12-сі – қызметіне толық сай емес деп танылды. Бір адам мемлекеттік қызметтен аластатылды.

Кейін М.Жұмабаев ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының қоғамдық орында мас күйінде жүргені жайында ақпарат берілді.

Аслан Исин, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– 29 желтоқсан күні Әубәкіров бір күн демалыс алды. Бұл уақытта Астанаға барып, әкімшілік жакапкершілікке тартылған. Жаңа жыл қарсаңында ішіп алып Елордадағы қоғамдық орында жүріпті.

Ерлан Әубәкіров “Ішкен жоқпын” деп кінәсін мойнына алмады. Оқиғадан кейін бірден хаттама толтырлып, айыппұл төлеген оның сөзіне кеңес мүшелері сенген де жоқ. Бұл қылығы үшін қатаң сөгіс жариялануы тиіс екені айтылды. Отырыста барлығы 6 сұрақ қаралды.

 

Акбопе Танирберген