Қайырымдылық

Екінші қайырымдылық балы биыл Петропавлда мамырдың 19-і күні өтпек

Диляра Сабырова – “Арай” халық биі ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Осы жолы кастингке 200-ге жуық адам келді. Оның алғашқы кезеңінде біз келген еріктінің дене бітіміне қарап, әңгімеге тарттық. Кейін хореографиялық қасиеттерін, пластикасын байқадық. Сонымен қатар, ең басты талап, ол – жасы 18-ден асқан болуы керек. Қазірдің өзінде біз кастинг өткізіп жатырмыз. Билейтін 80 жұбымыз бар. 70 болады деп жоспарлағанбыз. Енді осылай қалдырамыз ба, әлде жоқ па ол әлі белгісіз.

Классикалық билердің төресі – вальсті аз уақыттың ішінде меңгеріп алғандардың арасында Арғын Шүкенов пен Динара Шәжімбаеваның жұбы бар. Қос жас бірқалыпты немесе үдемелі жылдамдықпен айналып билейтін бал биін үйрену айтарлықтай қиын болмады. Себебі, бір-біріне тез үйреніп, дайындық барысында бұл ғажап бидің өзіміз үшін жаңа қырларын ашып жатырмыз дейді.

Динара Шәжімбаева – қайырымдылық балға қатысушы:

– Мен кастинг жайлы инстаграм әлеуметтік желісінен білдім. Осында келіп, іріктеуден өттім. Қайырымдылық балға қатысатыныма қуаныштымын.

Арғын Шүкенов – қайырымдылық балға қатысушы:

– Жаттығуларда өзіміз үшін бұл ғажап бидің жаңа парақтарын ашамыз. Би маған өте қызықты. Барлығы ұнап жатыр.

Естеріңізге сала кетейін, өткен жылдың 20-шы мамырында Петропавлда алғашқы Қайырымдылық балы ұйымдастырылған болатын. Онда 40 жұп вальс билеп, түрлі флэшмоб өткізді. Сондай-ақ, аукционда бағалы картиналар, кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновтың қолғабы мен құнды заттар саудаланған еді. Нәтижесінде 1 млн 844 мың теңге жиналды. Қаражатқа Санкт-Петербург қаласында Андрей Авдеюктің миына ота жасалынды. Сонымен қатар, дертке шалдыққан балалары бар 4 жанұяға көмек көрсетілді. Бұл жолы да ұйымдастырылатын кезекті Қайырымдылық балдан үлкен үміт күтілуде.

Күнсұлу Ілкенова – СҚО ҚХА бөлім басшысы:

– Бұл жолғы балдың бір ерекшелігі, ол әр жұпта өзінің шағын гүл шоғы болады. Киімдері соның түсіне сай болмақ. Биыл біз өткендегіден молырақ қаражат жинаймыз деп отырмыз. Аукционда кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновтың уақытша әлем чемпионы белдігін жеңіп алған қолғабы, “Astana Pro Team” велокомандасының осы жылға маусымдық формасы, сонымен қатар 2016-шы жылы велоспорттан Джиро д’Италия гранд турының жеңімпазы Винченцо Нибалидің жейдесі саудаланатын болады. Әлі де болса келісімдер жүргізілуде.

Жалпы Петропавлдағы екінші Қайырымдылық бал мамырдың 19-ы күні Түркістан мейрамханасында өтеді. Әзірге, бозбалалар мен бұрымды бойжеткендер классикалық билердің төресі – вальстің барлық қыр-сырын үйреніп, талмай еңбектену үстінде. Айта кету қажет, жаттығулар әр аптаның сәрсенбісі мен бейсенбісі сағат кешкі 8-де қазақ мектеп-гимназиясында өтеді.

 

Риат Шони