МТРА жаңалықтары

Биыл Қызылжар ауданына “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасымен 22 отбасы қоныс аудармақ

Қуанышбек Зуай – «Достық» ЖК дәрігері:

– Солтүстікке келгенде жақсы қарсы алды. Қолдарынан келгенше бар жағдайымызды жасап берді.  Мұнда жаман емес, күнделікті табысымыз бар. СҚО рахметімізді айтамыз.

Бүгінде Қуанышбек Зуайдың отбасы Қызылжар ауданының орталығында 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Бескөлге олар Оңтүстік Қазақстаннан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қоныс аударған.

Мөлдір Изтлеуова:

– Бұл пәтерді біз Оңтүстіктен Солтүстікке бағдарламасының арқасында алдық. Мұнда біз тек жылуына, суына және жарығына шамамен 9600 теңге төлейміз. Бұл жас отбасылар үшін жақсы мүмкіндік.

Қазір Мөлдір Изтлеуова бір ұл мен бір қыздың анасы атанып, бала күтімімен үйде отыр. Үлкені Меңгерді нәзікжанды Оңтүстік Қазақстан облысында босанған. Бүгінде ол қазақтың салты бойынша атасы мен әжесінің қолында екен. Ал кіші қызы Аяла бір жыл бұрын Петропавлда дүниеге келіп, солтүстікқазақстандық атанды. Жақында Қуанышбек пен Мөлдір Қыйтадағы ата-аналарын да қастарына көшіріп алмақ. Келін-балалары олардың бұл жерге тез үйренісіп кететіндеріне сенімді.

Мөлдір Изтлеуова:

– Бұл жердің халқы жақсы. Сыпайы, көмек қолын созуға дайын тұрады. Өте қонақжай.

Жақында Мөлдір өз мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке тұрып, қызын балабақшаға орналастыруды жоспарлап отыр. Жалпы былтыр Қызылжар ауданына Оңтүстіктен 16 отбасы көшіп келген. Және тағы 9-ы шет елден тарихи отандарына оралыпты. Барлығы да баспанамен қамтылған. Оларға қаржылай көмек те қарастырған.

Ботакөз Оразбаева – Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Бұл отбасылардың қоныс аударулары үшін қаржылай көмек көрсетілді. Бұл ретте республика бюджетінен 8 млн 62 мың теңге бөлінді. Яғни, әр отбасының бір мүшесіне шамамен 80 мың теңге берілген. Биыл да бұл дәстүр жалғасатын болады. Ол үшін ел қазынасынан 8 млн 700 мың теңге қарастырылған.

Ал биыл Қызылжар ауданына тағы 20-дан астам отбасы көшіп келеді деп жоспарланып отыр.

 

Айгерим Ержанова