МТРА жаңалықтары

1 наурыз – Алғыс айту күні

Мария Шингурова – С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім жетекшісі:

– 20 ғасырдың 30 жылдары елімізге қоныс аударған ұлт өкілдерін қазақ халқы өз туғанындай қабылдап, мейірбандық танытқан еді. Осындай мерекенің болуы – тағдыр тауқыметін көрген халықты өз панасына алып, қамқор болған қазақ халқына деген тағзым белгісі.

Жиынға қатысушылардың арасында “Видергебурт” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Нелли Савенкова бар. Нәзікжандының ата-анасы – 1936 жылы елімізге көшіп келгендердің қатарында. Өзге ұлт өкілдерімен бірге Украинадан қоныс аударған отбасының өзімен бірге тіпті заттары да болмаған. Қазақстанда олар тек 3 жылдай уақыт өмір сүріп, тарихи Отандарына оралулары қажет еді. Алайда кеңес үкіметі өз уәделерінде тұрмады. Сөйтіп, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған отбасы пана іздеуге мәжбүр болды.

Нелли Савенкова – СҚО “Видергебурт” неміс мәдениеті орталығының мүшесі:

– Қоныс аударған отбасылардың көрмеген қиындығы қалмады. Кеңес үкіметі ата-анама Қазақстанда үйлерің болады деп уәде берді. Алайда, олар жазық далаға қоныс тепті. Кейін ол жерді “Ясная поляна” ауылы деп атады. Келген бетте олар шатыр тігіп, күн көруге мәжбүр еді. Осындай қиын-қыстау кезеңде депортацияға ұшыраған халыққа кең пейілді және қайырымды қазақтар қолдан келген көмегін көрсетіпті.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар назарына “Біз саған ризамыз, Қазақстан” кітап көрмесі ұсынылды. Бұл туындыларда аласапыран заманда тағдыр тауқыметін көрген халық тарихы жайлы жазылған.


Эльмира Садуакасова