МТРА жаңалықтары

Заречный кентінде құрылған №13-ші жиналу эвакуациялық пунктінде тасқынға қарсы жаттығу жиындары өтті

Дәл қазір Заречный кентінің үш тұрғыны тасқынның кесірінен үйілерінен кетіп, жиналу эвакуациялық пунктін паналауға келді. Тәртіп бойынша олар тіркеліп, барлық медициналық қаралымнан өтулері қажет. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Көмекке жүгінгендерге арналып түрлі дәрі-дәрмектер әзірленіпті.

Бауыржан Жүнісов – жиналу эвакуациялық пунктінің бастығы, №13 орта мектеп директоры:


–  Жиналу эвакуациялық пунктінің құрамына 8 адам кіреді. Негізінен, олар – мектеп мұғалімдері. Жалпы Заречный кентінде 1400 адам тұрады. Оның 200-і мектепте оқиды, 80 бала мектепке дейінгі жаста. Былтырғы тасқында біздің пунктті 3 жанұя келіп паналады. Оның біреуі бір айға жуық осында болды. Бұл уақытта мектеп жұмысын тоқтатпайды. Балалар оқи береді.

Жалпы №13 орта мектеп 50 адамға арналып жатын орын, төсектер дайындаған екен. Жиналу эвакуациялық пункт сыртында барлығы түсінікті болу үшін жүру жоспары да ілініпті. Оған қоса асханаларына да тамақ жеткілікті көлемде әкелінген. Бүгін бұның барлығымен қалалық эвакуациялық комиссия мүшелері танысып, оң бағаларын берді.

Евгений Глотов – қалалық эвакуациялық комиссияның төрағасы, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Заречный кенті жылда көктемгі су тасқыны кезінде қауіпті аймақтардың біріне жатқызылады. Сол себепті, осы пунктіде жаттығу жиындарын өткізуді ұйғардық. Бұл кентте негізі 3 эвакуациялық пункт жұмыс істейді. Сонымен қатар, біз мүмкіндігі шектеулі жандарды, 1 жасқа дейінгі балалар мен егде адамдарды ерекше назарға алып, тізімдерін құрдық.

Жаттығу жиыны соңында қалалық эвакуациялық комиссияның төрағасы Евгений Глотов бақылаушы топ мүшелерімен кеңес өткізіп, табиғаттың тосын мінез танытуына сақадай сай болу керектігін айтты. Себебі, апат айтып келмейді.

Риат Шони