МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының кәсіпкері 20 мың қызғалдақ өсіруде

Осы уақыт аралығында олардың қыр-сырын меңгеріп, өзінің тұрақты сатып алушыларын тауып үлгерген. Бүгінде олардың 9 гүл дүкені бар. Біреуі Қостанай қаласында. Жақында Бескөл ауылында тағы бір дүкенін ашыпты, көлемі 100 шаршы метрді құрайды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Лала гүлі, қызғалдақ пен раушан. Көздің жауын аларлық гүлдер өте көп. Бірақ, Халықаралық әйелдер күнінде ерекше сұранысқа қызғалдақтар ие болады екен. Қазір мұнда олардың 3 түрі бар. Жақында олардың қатары тағы 2 сортпен толықпақ.

Парад және голден-парад қызғалдақтарының сабағы голландиялықтардан әлдеқайда ұзын әрі сапасы да жоғары болмақ. Бұндай бизнесті Қызылжар ауданының тұрғындары – ағайынды Алиевтер өздері қолға алған. Бірнеше жылдың көлемінде іскер азаматтар гүлдердің түр-түрін баптап, өсірумен айналысқан. Ал, қызғалдақ өсіру кәсібін дөңгелеткеніне 4 жылдың жүзі болыпты. Өткен жылы кәсіпкер 3 млн теңгеге Голландиядан бадана алдыртыпты.

Аспандиар Алиев – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

 

– Қызғалдақтардың тамырлары жердің температурасы 6—10° болғанда жақсы дамитындықтан, қазаН айында отырғыздық. Ал пеш жағып, жылыжайды жылытуды желтоқсанның 25-інде қолға алдық. Шамамен, 2 жұма бұрын сабағы шыға бастады. Енді 10 күн ішінде гүлдеп, 8-наурыз мерекесіне орай, дүкендерге жеткізілмек.

Гүл патшасы саналатын қызғалдақтар тұрақты температура мен күніне 2 рет суарылып тұруды қажет етеді. Орталықтандырылған су жүйесі болмағандықтан, әзірге суды құдықтан алуға мәжбүр. Бірақ, кәсіпкердің сөзінше, ағымдағы жылы бұл мәселе өз шешімін таппақ. Ал қызғалдақтардан кейін Алиевтер отбасы жылыжайға қияр, қызанақ сынды көкеністерді отырғызуды жоспарлапты.

Эльмира Сәдуақасова