МТРА жаңалықтары

Баскетболшы Игорь Нанаевтың өліміне қатысты сот процесі жалғасуда

Бүгін 5 сотталушы жігіттің бірі Бауыржан Мақатовтың қаншалықты кінәлі екендігі анықталу үстінде. Өйткені, куәгер Әміржан Қожахметов бұған дейін берген куәлігінен бас тартып, Мақатовтың Нанаевты ұрып жатқанын көрмегенін айтуда.

Әміржан Қожахметов – куәгер:

– Төбелес Динаш Қайбаров пен Нанаевтың арасында басталды. Кейін топтық төбелеске айналды. Бірақ, мен Мақатовтың Нанаевқа соққы бағыттады ма, жоқ па ол туралы нақты айта алмаймын. Олар жай ғана жерде жатқан Нанаевтың маңында тұрғанын көрдім. Кейін тергеуде сағат 4-тен 11-ге дейін болдым. Қорқып кеттім, сол себепті Нанаевты Мақатов ұрды деп елестеттім.

Ал Мақатовтың қорғаушысы Әміржан Қожахметовтың бұған дейін берген айғағы мен бүгінгісі сәйкес келмейтідігін айтуда. Алдыңғы сөздерінде куәгер бұл сотталушы жерде жатқан Нанаевты аяғымен басынан және арқасынан екі рет тепті деген болатын. Ал дәл қазір ол нақты кімнің ұрғанын анық көрмедім деп тұр. Бұл ретте сотқа қатысқан прокурор Қожахметовтен өз айтқан сөздерін неліктен қайта-қайта бұрмалап тұрғанын сұрады. Әлде куәгерге қысым жасалды ма деген нұсқа да қаралды. Бірақ, бұны Әміржан жоққа шығарып өзін қорқыныш сезім билегенін айтуда.

Михаил Гусев – Петропавл қалалық сотының судьясы:


–  Сіз неден қорқасыз? Егер де сізге қысым жасалса, онда сот залында ашық айта аласыз. Бұл жерде сізге қатысты қауіпсіздік шаралары қолданылып, мемлекеттің қорғауында боласыз.

Сонымен қатар, бұл күні сот залына Әміржан Қожахметовтің күрестен жаттықтырушысы келіп, куәлік етті. Ол толығымен шәкіртінің сөзін растап отыр.

Қонысбек Төкенов – «Жеңіс» БЖСМ аға жаттықтырушысы:

 


–  Мен жаттығу кезінде балалардың әңгімесін естіп қалдым. Ол жерде Әміржан қазан айында орын алған оқиғаны баяндап отырды. Өз сөзінде ол істің нақты қалай болғанын анық көрмегенін айтты. Өйткені, сол кезде ол ішімдік ішіп алған достарына қарап жүрген екен.

Сотталушылардың жасы жиырмадан сәл ғана асады. Олардың ісі «Бұзақылық» және «Ұйымдасқан топпен денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша қарастырылуда. Үкімнің қашан шығатыны әлі белгісіз, бірақ келесі сот отырысы ақпанның 28-і өтеді деп жоспарланған.

Айгерім Ержанова