МТРА жаңалықтары

Тұрақтандыру қоры – төмен баға кепілі

Валентина Неверова ,зейнеткер:

– Бүгін, міне, мұнда келіп картоп алдым. Келісі – 70 теңге. Жалпы сауда нүктесіндегі тауар бағасы өзге жерлерге қарағанда арзан. Сондықтан, осы жерден жиі азық-түлік сатып аламын.

Шынымен де бұл жерде өткізілетін азық-түлік бағасы өзге сауда нүктелеріне қарағанда 20 теңгеге арзан. Мысалы, мұнда күнбағыс майы – 365, қарақұмық – 250, күріш – 170, қант – 240, ал жұмыртқаның ондығы 205 теңге тұрады. Жалпы тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар тағам түрлерінің құнын көтермеу үшін күзде 1300 тоннаға жуық өнім алған. Оған жергілікті бюджеттен 350 млн теңге жұмсалыпты.

Гамали Жұмашов – «Солтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:


–  Сөйтіп, 104 мың литр күнбағыс майы, 100 тонна қарақұмық, 68 тонна күріш және мың тоннадан астам қант алынды. Тұрақтандыру қорының сауда нүктелері Петропавлдағы «Цум», «Северный», «Пирамида», «Семейный», «Корона» сауда орталықтары мен Евразиялық және Коммуналдық базарларында бар. Тағы «КазКур» павильондарында саудаланады. Бізде сатылатын өнімдер отандық тауарөндірушілерден алынады. Сондықтан, нарықтық бағадан әлдеқайда төмен.

Тағы мұндай сауда нүктелері Мамлют, Тимирязев және Қызылжар аудандарында бар. Мамандар мұндағы азық-түлік қоры жеткілікті дейді. Айта кету керек, осы уақыт аралығында барлығы 21 млн теңгеге жуық тауар саудаланған.

Мағжан Ахмадина