Құқық қорғау органдары

Қылмыстарды ашуда ақпараттық технологиялар үлкен қолдау көрсетуде

Осы орайда бүгіндері ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде 8 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Солардың бірі 2016 жылы іске қосылған. Онлайн режимде жұмыс істейтін жоба арқылы жасалған қылмыстар мен заңбұзушылықтар жайлы келіп түскен өтініштерді қадағалауға, алимент төлеуден жалтарып жүргендер мен әкімшілік айыппұлдардың төленуі сынды көптеген ақпараттарды көруге болады. Ведомство мұнымен тоқталып қалмақ емес. Алда тағы бірнеше жобалар жүзеге асырылмақ.

Марат Ахметов – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бастығы:


–  Комитеттің жылдық қортындысын шығарған отырыста әкімшілік және қылмыстық заңбұзушылықтарды болжаудың электрондық моделін құру жайы айтылды. Жоба бүгіндері АҚШ-та кеңінен қолданылады. Ол аудандар бойынша криминогендік жағдайды бақылап, тәртіп сақшыларының күшін дұрыс жұмылдыруға мүмкіндік береді. Әрине, оны жасау үшін техникалық мүмкіндіктер мен жұмыс күші мығым болуы керек. Сондықтан, ол әзірге қарастырылып жатыр.

«Заңдылық» деп аталатын интернет жүйе тек қазан айында ғана іске қосылып, тексеруден өткен. Ол үкім шығарылғанға дейінгі қылмыстық жазаның дұрыс тағайындалуын қарастырады.

Махаббат Темірбекова – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасы бастығының орынбасары:


–  Жоба істің барлық ақ-қарасын тексереді. Қандай жаза тағайындалатындығын және барлық қылмыстарды біріктіргенде қанша мерзімге бас бостандығынан айырылу мүмкін екендігін де есептеп шығарады. Айлық есептік көрсеткіштер мөлшерін ескеріп, айыппұлдарды санайды. Осындай жасалған қылмыстар статистикасын көрсетеді. Нәтижесінде құқықтық қателікке жол берілмейді. Және ауыр қылмыс жасағандар жеңіл жазадан құтыла алмайтын болады. Ал бұрындары тек жоғарғы органдар көретін кішігірім олқылықтарды бағдарлама бірден жойып отырады.

Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар бүгіндері керек-ақ. Өйткені, тек өткен жылы «Қылмыстық заңбұзушылықтар картасы» интернет-порталының жұмысы арқасында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар көрсеткіші 60 пайызға төмендеген.

 

Магжан Ахмадина