МТРА жаңалықтары

Петропавлда 3 миллиард теңгенің мүлігі заңдастырылды

Осы мерзім аралығында қалалық әкімдікке 600-ден астам өтініш келіп түскен. Соның 225-і азаматтарға кері қайтарылыпты. Себебі олар нысандарды бір-біріне жапсарлас тұрғызыпты. Мамандардың сөзінше, бұл санитарлық талаптарға қарама қайшы келеді екен.

Анар Серікбаева – Петропавл қалалық әкімдігі заң бөлімінің басшысы:

– Акция барысында комиссия жиынтық құны 3 млрд теңгеден асатын 435 өтінішті мақұлдады. Заңдастырылған мүліктердің дені тұрғын үйлер мен оларға жақын орналасқан өзге де нысандар. Қала тұрғындарының арасында, әсіресе, Жұмысшы кентінің тұрғындары белсенділік танытты.

28 айдың ішінде өтініші мақұлданбай қалған 225 адамға өткен жылдың соңына дейін кемшіліктерді түзетуге уақыт берілген еді. Бірақ олардың бірде-біреуі қалалық әкімдікке қарай ат ізін салмаған. Шаһарымызда жеке кәсіпкерлер де мүлікті заңдастыру науқанына соншалықты қатыспаған.

Анар Серікбаева – Петропавл қалалық әкімдігі заң бөлімінің басшысы:

– 2014 жылдың қыркүйегінен қала аумағындағы 89 коммерциялық нысан заңдастырылды. Олар негізінен цехтар мен қоймалар. Қалада ең ірі жиһаз цехы заңдастырылды. Ол 380 млн теңгеге бағаланды.

Бұдан былай мүлікті жария етуге рақымшылық жасалмайды. Мемлекет ұсынған жеңілдікті дер кезінде пайдалабағандар енді түрлі инстанцияның табалдырығын тоздыруларына тура келеді.

Берік Қасен