МТРА жаңалықтары

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ашық есік күнін өткізді

Ирина Денисова – қала тұрғыны:


– Мүгедек баламды жалғыз өзім бағып отырмын. Сондықтан, таңғы сағат 9-дан кешкі 9-ға дейін жұмыс істей алмаймын. Күнде балама ара-тұра уақыт бөлу керек. 18 жасқа дейін мүгедек баланы баққаным үшін мемлекеттен жәрдемақы аламын. Бірақ, сол көмек 18 жастан кейін де берілсе деген өтінішім бар.

Биылдан бастап мүгедектерге жетілдірілген құрал-жабдықтар берілмекші. Ескілерін де жаңасына ауыстырып алуға мүмкіндік бар.

Гүлмира Жәкенқызы – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы

– 2017 жылдан бастап мүгедектерге басқаша гигиеналық құралдар беріледі. Көізі көрмейтіндер мен құлағы естімейтіндер де жетілдірілген құралдар алады.

Мұнда келушілерге “Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы туралы ақпарат берілді. Биыл ауыл және қала тұрғындарына жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен 18 млн теңгеге дейін шағын несие беріледі.

Рахымбек Зейнуллин, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшісі:


– Жеке кәсібін 3 жыл жүргізген кәсіпкерлердің алған несиесінің 85 пайызына “Даму қоры” кепілдік береді. Ал өз ісін кеңейткісі келген кәсіпкерлерге Даму қоры 50 пайыз кепілдік береді.

Жеке кәсіпкерлер Александр Былинин мал шаруашылығымен мықтап айналыспақшы. Вознесенка селосында үлкен қора салып, ірі қараның басын көбейтпекші. Және 20 адамды жұмыспен қамту ойында бар.

Александр Былинин – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:


– Қазіргі таңда әкімдіктен жайылымдық жер сұрап алдым. Иелігімде 8 бас ірі қара мал бар. Келешекте оның санын 50-ге арттырсам деймін. Маған мал қора салу және жем-азық сатып алу 10 млн теңге қажет.

Мамандар Александр Былининнің жобасын назарға алды. Мемлекеттік бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі залда айтылды. Биыл Елбасы тапсырмасы бойынша, ешбір мамандығы жоқ 45 жасқа дейінгі азаматтар кәсіптік-техникалық білімді тегін алады. Оған қоса оларды жолақы және ыстық тамақпен қамту жағы қарастырылған.

Залға жиналғандар мамандарға сұрақтарын қойды. Бірі мүгедектерге жасалатын қолдау туралы сұраса, басқаларын еңбек нарығына қажетті мамандық түрлері қызықтырды.

Берік Қасен