Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар “Масленница” мерекесін атап өтуде

Байболат Құлтанов, тілші:

– Қош бол, аязды, ақ түтек боранды күндер. Алда бізді шуақты көктем күтіп тұр. Бұл күндері славян халықтары қысты шығарып салуға арналған “Масленница” мерекесін атап өтуде. Бұл мейрамда дәмі тіл үйірер құймақ әзірлеу дәстүрге айналған.

Дәл қазір “Хуторок” дәмханасының бас аспазы Олег Кирилов құймақ құюда. Оған бұл істі бала күнінде анасы үйретіпті. Ер азамат әр жылғы “Масленница” мерекесінде жақындарына дәмнен ауыз тигізеді екен. Аспазға құймақ дайындауға жұмыртқа, сүт, ұн, қант, тұз және өсімдік майы қажет.

Олег Кириллов – “Хуторок” дәмханасының бас аспазы:

– Өзіме құймақ құю аса қиындық етпейді. Қамыр аса қою болмағаны жөн. Сонда дайындаған асыңыз дәмді болады. Және оттың қызуына да мән беру керек. Ал, құймақты күйдіріп алмас үшін табаның ішін өсімдік майымен алдын ала сүртіп алу қажет.

Масленица мерекесі көктемнің шуағын ала келеді деген ұғым бар. Сондықтан, славян халқы мейрамда үйге келген әр қонақты дастарханға шақырып, қонақжайлылық танытады. Тағы, мейрамдағы түрлі ырым-тиымдар шындыққа ұласып жатады екен.

Байболат Құлтанов, тілші:

Славян халықтарында қызға қатысты мынандай қызықты ырым бар. Егер де ас үйде шаруамен айналысқан бойжеткенің құймағы келесі бетіне оңай ауысса онда ол биыл тұрмысқа шығады. Ал, олай болмаған жағдайда нәзік жанды тағы ата-анасының жанында кем дегенде 3 жыл отыруы мүмкін.

Ал, “Масленница” мейрамын тойлау СҚО тарихи-өлкетану музейінде бүгін таңертен басталыпты. Бұл жерде мектеп оқушыларына арналған мерекелік кеш өтуде. Мұнда жеткіншектер көңілді ойындар ойнауда.

Мұражай іші де мерекеге сай безендірілген. Кең залда көне мейрамның тарихынан сыр шертетін бұйымдар жайғастырылыпты. Музей қызметкерлері де түрлі аңдардың образдарын сомдап, сәнді костюмдерін киген.

Максим Сорочинский – СҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:


–  Біз жеткіншектерге Масленница мерекесінің қалай тойланатынын көрсеткіміз келеді. Олар қысты шығарып салу мейрамының тарихын білсін дейміз. Балаларға әзірлеген ойындарымыз жеткілікті. Музейімізге әр сағат сайын түрлі мектептің оқышылары келеді.

Меркелік шара соңында балалар құймақтан дәм татты. Мұражайда ұйымдастырылған кеш №9 орта мектептің 3-сынып оқушысы Иван Николаевқа ерекше ұнаған екен.

Иван Николаев – №9 орта мектептің 3-сынып оқушысы:


–  Барлығы қызық болды. Ойын ойнадық. Ән айтып, би биледік. Достарымның да қуанышында шек жоқ. Ал, құймақ тіпті дәмді болды.

Масленницаны бір апта бойы тойлайды. Айта кетейік, әр күнді атап өтудің өзіндік ерекшелігі болады. Мәселен, дүйсенбі кездесу, сейсенбі ойын ойналады, сәрсенбі тәтті тамақ пісірілсе, бейсенбі қыдыру басталады, ал жұма – қайын ененің үйіне қонаққа баратын күн. Сенбіде қайынапа шаңырағында отырыс жасалады. Ал, жексенбіде қысты шығарып салу үшін қуыршақ жағылады. Биыл бұл ақпанның 26-на келіп тұр. Аталған күні орталық алаңда сағат күндізге 11-мен 14:00-дің аралығында мерекелік шара өтеді деп жоспарланған.

Байболат Құлтанов