МТРА жаңалықтары

ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев ведомствоға қарасты мекемелердің мамандарымен кездесті

Себебі мемлекет қаражатының тиімді игерілуі, шағын және орта бизнестің дамуына тікелей осы мамандар жауапты. Мысалы, ішкі аудит департаменті мемлекеттік сатып алуларға жауап береді.

Руслан Бекетаев – Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің орынбасары:

– Бүгінде мемлекеттік сатып алу үрдісі бір жүйеге келе бастады. Қазір бір конкурсқа 5 кәсіпкер қатысатын болды. Бұл мемлекеттік органдарының ашық жұмыс жасап жатқандығын аңғартады. Елбасы 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 50% болуы тиіс деген болатын. Демек мақсатымыз айқын. Біз осы көрсеткішке қол жеткізу үшін алаяқтармен күрес жүргізіп, бизнестің алға басуына барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек.

Шалғайдағы ауылдарға сапалы интернет жетсе, есеп құжаттары мен салықтарды тапсыру үшін бизнесмендерге қалаға барудың қажеті болмай қалады. Осы бағыттағы қызметтер электрондық форматта жүзеге асырылады. Президент тапсырмасы бойынша алдағы уақытта арнаулы салық режімі қайта қарастырылатын болады. 2020 жылға қарай жеке тұлғалар табысы мен мүлігі жайлы декларация тапсырмақ. Бұл көлеңкелі экономикамен күресудің бір амалы.

Елбасы агроөнекәсіптік кешен – экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деген болатын. Ал оны жүзеге асыру үшін солтүстікқазақстандықтар да біраз тер төгуі керек дейді Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев.

Руслан Бекетаев – Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің орынбасары:

– Қазақстанның солтүстігінде экологиясы жақсы. Келешекте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпкерлердің ісі өрге дамалайды. Бастысы, шикізатты сапалы тауарға айналдырып, оны өткізу механизмдерін жақсы игеріп алу керек. Қазіргі таңда шетелде органикалық азық-түлік тағамдарына сұраныс өте жақсы.

Руслан Бекетаевтың айтуына қарағанда, еліміз біртіндеп мұнайға деген тәуелділіктен арылып, кезең-кезеңімен баламалы энергия көздерін пайдалануға көше бастайды. Осының арқасында коммуналдық ақылардың бағасы төмендейді. Нәтижесінде тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығындары біршама азаюы тиіс.

Берік Қасен