Құқық қорғау органдары

Өткен демалыс күндері өңірде 578 азамат қар құрсауында қалған

Мәселен, өткен демалыс күндері өңірде күн райы кенеттен бұзылып, қатты жел соқты. Оның күші секундына шамамен 28-30 метрді құрады. 112 қызметі де бұл күндері қызу жұмысқа кірісіп, 630 мыңнан астам облыс тұрғынына жолдардың жабылуы туралы смс-хабарлама жіберген. Ескертілгендеріне қарамастан, сенбі және жексенбіде өңір жолдарында 198 көлік қар құрсауында қалды.

Болатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:


–  Ауа райының бұзылуына байланысты облыстық және республикалық маңызы бар барлық бағыттағы жолдар жабылған болатын. Десе де, демалыс күндері мамандардың ескертпелеріне қарамай жолға шыққандар да табылып жатты. Мәселен, сенбі мен жексенбіде қар құрсауынан 578 адам құтқарылды. Оның 93-і – балалар.

Соңғы екі күнде жолда қалу фактілері көбіне Ғабит Мүсірепов, Шал ақын және Айыртау аудандарында орын алыпты.

Болатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

 


–  Айыртау ауданында оқыс оқиға Казанка-Аксёновка бағытындағы жолда орын алды. Жеңіл көліктің иесі телефон арқылы таныс тракторшыға хабарласып, қар құрсауынан алып шығуды өтінеді. Ол қай жерде тұрғанын да түсіндіреді. Бірақ, тракторшы алған бағытынан жаңылып, 6 сағат бойы тиісті мекен жайға жете алмай адасып кеткен. Осылайша, көлік жүргізушісінің жары 112-ге хабарласып, жолдасына көмек беруді сұрайды. Нәтижесінде, екі К-700 машинасы жолды тазалауға жіберілген.

Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ, мамандар әлі де солтүстікқазақстандықтарды қолайсыз ауа райында жолға шығып, өмірлеріне қауіп төндірмеуді ескертеді. Айта кеткен жөн, қазір облысымызда қар құрсауында қалған азаматтарға арналған жылыту пункттері жұмыс жасайды. Бүгінде олардың саны 243-ті құрап отыр.

Айгерім Ержанова