МТРА жаңалықтары

Өңірде түрлі сала мамандары мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша сынақ тапсыруда

Андрей Бессмертных – “Қазтелерадио” АҚ СҚФ технигі:


–  Сен қай мемлекетте тұрасың сол елдің тілін білуге міндеттісің деп санаймын. Мен міне, бүгін қазақ тілінен тест тапсырып жатырмын. Сұрақтар күрделі. Әсіресе, грамматикалық тапсырмалар қиын екен. Ал диалогты оңай орындадым. Дегенмен де, нәтижем жоғары болады дегенге күмәнім бар. Себебі, кезінде мектепте қазақ тілі оқытылмады. Ал қазір жастар меңгеріп жатыр. Ол, әрине жақсы.

“Қазтест” жүйесі арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау екі бағыттан тұрады. Біріншісі диагностикалық болса, келісісі – сертификаттық. Яғни, алғашқы сынақта қатысушылар 150 сұраққа жауап беріп, өз деңгейін анықтайды. Ал, келесі кезеңде алғашқысында алған ұпайларын растау болып табылады. Дәлірек айтсақ, қазақ тілін меңгерудің қарапайым, орта және жоғары деңгейлерін дәлелдеу керек. Бірақ, сынақ тапсырушылардың көбі, тіпті, қарапайым деңгейден де сүрініп жатады екен.

Ұлжан Садықова – ҚР Білім және ғылым министрлігі “Ұлттық тест орталығының” жетекші сарапшысы, Астана қаласы:


–  Көбіне қарапайым деңгейді басында диагностикалықтан барлығы өтеді. Ал сертификаттыққа келгенде 70 пайызға жуығы сүрінеді. Себебі олар үшін қазақ тілі жат, немесе ана тілі болса да ұмытып қалған.

Қазақ тілінен тестті түрлі сала мамандары 2,5 сағаттың ішінде орындаулары қажет. Сынақтан өту тәртібі ҰБТ-ның технологиясы секілді. Бірақ, аса күрделі емес. Себебі, қатысушылар аудиторияға ұялы телефондарымен де кіріп, қасындағы көршілерімен емін-еркін көмек сұрастыруда.

Ұлжан Садықова – ҚР Білім және ғылым министрлігі “Ұлттық тест орталығының” жетекші сарапшысы, Астана қаласы:


–  Қатысушыларға басында ескерту жасалынады. Егерде ол талапты орындамаса тәртіп бойынша акт толтырып, оны аудиториядан шығарып жібереміз.

Жалпы сынақ 5 күнге жалғасады. Осы уақыт аралығында өңірде 2 мыңнан астам маман тестілеуден өтеді деп жоспарланған. Ал олардың нәтижесі бір айдың көлемінде белгілі болады.

 

Риат Шони