МТРА жаңалықтары

Ардагерлер кеңесінің 30-жылдық мерейтойына орай Петропавлда мерекелік іс-шара өтті

Ардагерлер кеңесінің құрылуы мен гүлдену кезеңдері Владимир Михайловичтің көз алдында өткен. Алайда, аталмыш ұйымның қатарына қосылып, мүшесі атанғанына 2 жыл болыпты. Саналы ғұмырын ақсақал Қазақстанның қоғамдық өміріне арнаған. Ардагерлер кеңесінің мерейтойы еліміздің тарихында орын алған ерекше оқиғалардың бірі дейді қария.

Владимир Тимошин – Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Қариялардың азаматтық ұстанымы, олардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері елімізді бірлікте және татулықта сақтауға көмектеседі. Барша Қазақстан қауымы бүгінде Қазақстандағы Ардагерлер кеңесінің 30 жылдық мерейтойына дайындық үстінде. Біз де өңірімізде бірқатар іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Ал бүгінгі концерт осыған бастама болып отыр.

Жалпы өңірімізде 42 мыңнан астам зейнеткер болса, соның 103-і қалалық ардагерлер кеңесіне мүшелік етеді. Концерттік іс-шараға келгендер қатарында 76 жасар Любовь Евсеева да бар.

Любовь Евсеева – қала тұрғыны:


– Мен кішігірім бастауыш ұйымның мүшесі болғандықтан, ардагерлер кеңесімен тығыз жұмыс жасаймын. Олардың бастамасымен “Қариялар күні” сынды мерекелерге орай, зейнеркерлер үшін әртүрлі шаралар ұйымдастырамыз. Осы сынды кештерден үйіңе рахаттанып ораласың. Сондықтан, мерекелік іс-шара туралы ести салысымен, келуді жөн көрдім. Қарияларды ұмытпай, құрметтеп концерттерді ұйымдастыруы көңілімді қуантады.

Бүгінде ардагерлер кеңесі өңіріміздің қоғамдық өміріне белсене ат салысып, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында еңбек етуде.