Спорт

Жерлес мүгедек спортшы Дмитрий Лактионав күміс жүлде алды

Оларды біріктіретін спорт – жеңіл атлетика. Барлығының да есту қабілеті төмен. Араларындағы ерекше қабілеттісі Дмитрий Лактионов. 18 жастағы жігіт өмірге келгелі еш бір дыбыс естімеген. Бұл – оның спортпен айналысып, салауатты өмір сүруіне еш кедергісін келтірген емес. Тоқтаусыз дайындықтың арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен Белорусияның ашық чемпионатында қос бірдей медальді қанжығалап келді.

Дмитрий Лактионов, жеңіл атлетші:

– Жарыс болатын Магилев қаласына барғанда еш қобалжу болған жоқ. Өзім сияқты спортшылармен араластым. Олардың жаттыққандарын көрдім. Белорусияның өзінен 6 команда және Қазақстанның құрамасы болды. Мықты спортшылар көп болды, жанымды салып жарыстым.

Дмитрий қысқа қашықтыққа жүгіріп, 800 метрді 2 минут 10 секунд ішінде бағындарған. Ал, 1500 метр қашықтықты жүгіріп өтуге небары 4 минут 48 секундын шығындады. Тек, Белорусь спортшысына жол беріп екі сайыста да күміс медаль тағынды. Бұл жерде жаттықтырушысының қосқан үлесі зор. Рустам Шокеев мұндай ерекше жандармен жұмыс жасау үшін ыммен сөйлесуді де меңгерген.

Рустам Шокеев, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының жеңіл атлетика бойынша жаттықтырушысы:

– Кейде қарапайым қысқа ақпаратты спортшыға қимылмен жеткізу мүмкін болмай жатады. Менің міндетім – жаттықтырып қана қою емес, олармен сөйлесу, ойын ұғыну. Дмитрий барлығын жақсы түсінеді. Онымен аса қиындықтар туындамайды. Белорусиядағы қарсыласы мықты болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберіне ғана жол берді.

Қазір спортшы 21 ақпанда Алматыда өтетін ҚР чемпионатына дайындық үстінде. Жазда ел құрамасының қатарына еніп Түркияда өтетін Сурдолимпиада ойындарына жолдама алуды көздеп отыр. Алдында таудай мақсаттары барда Дмитрий Лактионов талмай жаттыға бермек.

 

Акбопе Танирберген