Спорт

Жасөспірімдер мен қыздар арасында волейболдан облыстық чемпионат басталды

Бірінші кезеңде-ақ, қалалық команда басымдығын танытуда. Ала форма киген жеткіншектер ала допты алақандарында ойнатып бағуда. Қарсыластарынан айла-амалдарын асырып, басымдықтарын танытты. Есілдік меймандарды бірінші кезеңде 15 ұпай айырмасымен ойсырата жеңді.

Владимир Ковоч, жарысқа қатысушы, «Жеңіс» МБЖОРМ :

– Күн сайын дайындық жүргіздік. Қазір Есіл ауданының құрамасымен ойнап жатырмыз. Бірінші кезеңде жеңдік. Екіншісінде де сәттілік серік болады деп ойлаймыз. Көздегеніміз жеңіс.

Екінші кезең басталды. Есіл ауданының намысын арқалап келген ала доп шеберлері қарымта қайтарғанша асық.

Ақжол Серік, жарысқа қатысушы, Есіл ауданының БЖСМ:

– Бірінші кезеңде қарсыластарымыз мықты болды. Біз жеңіліп қалдық. Ұзақ дайындалдық. Жүлдегер болғымыз келеді.

Есіл БЖСМ-нің ең кішкентай ойыншысының тілегі қабыл болғанға ұқсайды. Олар бұл кезеңде 22-25 есебімен басым түсіп, есепті теңестірді. Қай құраманың суырылып алға шығатынын араларындағы үшінші ойын анықтамақ.

Бұл уақытта келесі залда қыздар арасында ойын қызып жатқан. Биылғы облыс чемпионатына өңірдің төрт спорт мектебі қатысуда. Қазір тимирязевтік қыздар мен Барыс БЖСМ ойнауда.

Алина Сергеева, жарысқа қатысушы, «Барс» БЖСМ:

– Жеңіс күтеміз. Себебі чемпионаттағы ең мықты Қызылжар ауданының командасын жеңдік. Енді осал командалар қалды. Сондықтан бізге де жеңілірек. Былтыр екінші-үшінші орныдардан көріндік, биыл бірінші орын аламыз.

Жасөспірімдер мен қыздар арасындағы волейболдан облыстық чемпионатқа жастары 16-дан төмен ала доп шеберлері қатысуда. Биыл бұл дода аудандар мен облыс орталығындағы спорт мектептерінен ұзын-саны 100-ге жуық жасөспірімнің басын қосып отыр.

Талғат Омаров, БЖСМ жұмыстары бойынша облыстық дене шынықтыру және спорт орталығының директоры:

 

– Жарыс қорытындысында үздік ойыншылар іріктелініп өңір намысын республикалық бәсекелерде қорғап жүрген «Есіл», «Қуаныш» ВК құрамына алынады.

Жасөпірімдер бәсекесі екі күнге жалғасатын болады.

Акбопе Танирберген