МТРА жаңалықтары

ҚР дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов Қызылжар ауданының жастарымен кездесті

Оның тек 8 мыңға жуығы ғана тиісті жұмыстар атқаруда. Бұл ретте дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ақпарат базасына өзгертулер енгізіп, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға ықпалдасуды жоспарлап отыр. Ол жайында Қызылжар ауданының жастарына аталмыш ведомствоның вице-министрі Абзал Нүкенов баян етті.

Абзал Нүкенов – ҚР дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі:

– Өткен жылы үкіметтік емес ұйымдары аясында мемлекеттік және әлеуметтік тапсырыстармен 9 млрд теңге игерілді. Оның 8,5 млрд-ы өңірлерге тиесілі. Жүзеге асқан жобалардың саны 2 мыңға жуық, ал бұл іспен айналысқан ұйымдар болса 1 мыңға жетеді. Бірақ, бұл жобалардың тигізер пайдасы қандай? Біз осыған көңіл бөлу керекпіз. Кез келген жобаларды жүзеге асыра бермей, оның ішінен шынымен де халыққа пайдасы тиер жобаларды таңдауымыз қажет.

Тағы бір айта кететін жәйт – ол қоғамдық кеңестердің жұмысы. Олардың қызметін арттыру үшін министрлік осы жылы алғашқы республикалық мәжіліс өткізбек. Жиында қоғамдық кеңестердің алдында тұрған проблемалар талқыланып, түйткілді мәселелер шешілмек.
Бұдан соң кезек сұрақ-жауабқа келіп жетті. Валентина Писоцкая аудандық орталық ауруханада терапевт болып жұмыс істейді. Маман мұнда Астанада медициналық академияны тәмамдағаннан кейін келіпті. Оның көтерген мәселесі жастарды баспанамен қамту жайлы болды.

Валентина Писоцкая – Қызылжар аудандық орталық ауруханасының терапевті:

– Бескөлге келгеннен кейін мен көтермеақы алып, өткен жылы Бәтерек елді мекенінен қызметтік үйге ие болдым. Жұмысқа күнде таңертең қоғамдық көлікпен жетуге тура келеді. Бұл ретте мен “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша несие алғым келеді. Бірақ, берілетін 3 млн теңге баспана алуға жетпейді. Осы ретте бюджеттік несиені ұлғайту мүмкіндігі бар ма, әлде жоқ па? Соны білгім келеді.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Өткен жылы ауданда 32 млн теңгеге жуық несие берілді. Бізге келген 11 маман бұл қаражатты пайдаланды. Бұл жерде түйткілді мәселелердің бірі – ол ауылда баспана бағасы қымбат. Өйткені, қалаға жақын орналасқанбыз. Аудан орталығында бір үйдің құны 5 млн теңгенің маңайында.

Бұл сұрақты вице-министр егжей-тегжейлі қарастыратындығын жеткізді. Ал СҚО ҚХА жанындағы татар-башқұрт орталығы ЖҚ төрайымы Руфия Мұстафина 16-20 жас аралығындағыларға арнап психологиялық көмек орталығын құру керектігін жеткізді.

Руфия Мұстафина – СҚО ҚХА жанындағы татар-башқұрт орталығы ЖҚ төрайымы:

– Біздің мемлекет әлемде суицид мәселесі бойынша алдыңғы қатарларда тұр. Оның үстіне “Көк кит” деген қауіпті ойын шықты. Ал оны осы жастағылар құмар етеді, де өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне барады. Сол себепті ондай жандарға психологиялық көмек керек. Мүмкін олар отбасысына айта алмайтын бір әлеуметтік мәселе бар шығар. Мамандар бұл сұрақты шешуге көмектеседі деген ойдамын.

Абзал Нүкенов бұл бастаманы қолдап, ары қарай жетілдіретіндігін айтты. Бұдан соң вице-министр Бескөл ауылының инфрақұрылымымен танысты. Елді мекенде соңғы уақытта жастарға арнап бірқатар ауқымды істер атқарылған. 2015-ші жылы дене шынықтыру сауықтыру кешені ашылған. Мұнда спорттың 10-нан астам түрімен айналысуға болады. Ал мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға арналып 18 пәтерлік тұрғын үй бой көтеріпті. Баспаналы болғандардың бірі – Альбина Осипова.

Альбина Осипова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020″ бағдарламасының “Жастар тәжірибесі” бағыты бойынша жұмыс істеп, баспаналы болдық. Бұл үйді өткен жылдың желтоқсан айында алдық.

Кейін Абзал Нүкенов Бәйтерек ауылындағы 300 орынға шақталған мектеппен танысты. Бүгінде мұнда 252 оқушы оқиды. Сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Үлкен акт залы, асхана мен спорт залы бар. Кітапхана қорында да 7 мыңға жуық кітап сақталуда. Сонымен қатар, оқушылар физиканы жіті меңгеріп, күн энергиясын зерттеуде.

Ауылды жерде жастардың бос уақытын өткізу орындары қандай болу керек екендігін вице-министрге Новоникольск селосының тұрғындары баяндады. Жуырда мұнда дене шынықтыру сауықтыру кешені ашылыпты. Бұл жерде де спорттың 10-нан астам түрімен айналысуға болады. Бастысы балаларға жаттығулар тегін. Сонымен қатар, мұнда бассейн бар. Оны наурыз айында іске қосу жоспарлануда. Бұған қоса елді мекенде мұз корты жасалған. Айдында кез келген адам коньки теуіп, бос уақытын пайдалы өткізе алады. Жалпы вице-министр Абзал Нүкенов ауылда жасалған жағдайға көңілі толды.

Абзал Нүкенов – ҚР дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі:

– Бұл ауылдың жастарына барлық жағдай жасалыныпты. Енді олар болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Оқимын десе оқитын жерлері де бар.

Жұмыс сапарының соңында ҚР дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов Новоникольск елді мекенінде тұрғындарға көптеген жағдай жасаған “Зенченко и К” КС-і кәсіпкерлерге үлгі екендігін айтты.

 

Риат Шони