МТРА жаңалықтары

Петропавлда физика пәні мұғалімдері арасындағы байқаудың екінші кезеңі өтті

Биылғы білім сайысына енген өзгерістерден білікті жас физик еш жасқанбайды. Нәзікжанды өткен жылы ағылшын тілінен 3 айлық курстан өткен екен. Сондай-ақ, осы бағытта Гонконг қаласына барып, тәжірибе алмасқан.

Әсемгүл Сыздықова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының физика пәні мұғалімі:

– Менің физика пәні мұғалімі болып жұмыс атқарып жүргеніме 8 жыл болды. Осымен 2-ші рет аталмыш олимпиадаға қатысудамын. Өткен жылы 3 орынды иеленгенмін.

Физика пәні мұғалімдерінің олимпиадасы өңірімізде осымен 3-ші мәрте ұйымдастырылуда. Дәстүрлі шараға аудандық және қалалық олимпиада жеңімпаздары келген. Облыстың түкпір-түкпірінен жиылған 30-дан астам мұғалімге қазақ, орыс және ағылшын тілінде 5 тапсырма берілді. 2 сағат ішінде қатысушылар бар білімдерін ортаға салып, бақ сынасады.

Нұрикамал Джумабаева – СҚО білім басқармасы білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Биылғы олимпиаданың ерекшелігі – 5 тапсырманың біреуі – ағылшын тілінде ұсынылады. Бұрындары тек қазақ пен орыс тілінде болған.

Атап өту қажет, олимпиада жеңімпазы ағымдағы жылдың қыркүйек айында өтетін республикалық сайыста өңір намысын қорғайтын болады.