Ауыл шаруашылығы

Өңір шаруалары көктемгі дала жұмыстарына даярлануда

Олардың қатары былтыр жергілікті жерде құрастырылған “SAMPO ASIA” -мен толығыпты. Бұл машина ылғалдылығы жоғары өнімді талғамай жинай береді. Ал қасындағы тұқым сепкіш 2 агрегат осы жылы алынды. Механизаторлардың сөзінше, олар ескі баламаларына қарағанда жұмыста пайдалануға ыңғайлырақ келеді. Осындай техниканың арқасында тұқымды уақытылы жерге сіңіріп, күзде өнімді шашау шығармай жинап алуға мүмкіндік бар. “Сервис-Жарс” компаниясының еңбеккерлері ескі техникаларға да жақсы күтім жасайды. Қазір олар 10 жыл қолданыста болған К-700 тракторына жаңа қозғалтқыш орнататын орын даярлау үстінде. Машина-трактор шеберханасында темір ұсталары саймандардың кейбір түрлерін білдекте жонады.

Техникаға қажетті бұйымдарды өз қолдарымен жасау арқылы, компания саймандарға кететін шығындарды азайтуда. Серіктестіктегі 15 жұмысшының бірі Серік Мұқатаев мұнда техникаларды жөндейді, пеш жағады. Ал, көктем келгенде тракторға отырады.

Серік Мұқатаев – “Сервис-Жарс” ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы:


– Техникамыз көктемгі егіске 90 пайыз дайын. Қазір К-700 маркалы тракторына жаңа қозғалтқыш орнатып жатырмыз. Жыл 12 ай жұмысым бар. Жалақымды ай сайын алып тұрамын. МТМ-ның іші жылы. Пеш жағамын.

Биыл аймақтағы ауа райы мен жердің ылғалдылығына қарай “Сервис Жарс” ЖШС көктемгі дала жұмыстарын мамырдың ортасында бастауды жоспарлап отыр. Компания маңызды науқанға 30 адамды жұмылдырмақшы. Серіктестіктегілер минералды тыңайтқыш пен тұқым қоры жетерлік дейді. Биыл олар 8 300 Га-ға дәнді және майлық дақылдарын жерге сіңіреді. Соның ішінде жасымық дәнін бірінші рет сеппекші.

Төлеген Нұрлыбаев – “Сервис-Жарс” ЖШС трактор-машина шеберханасының меңгерушісі, Қызылжар ауданы:

– Жалпы 8 мың гектар жерге дән сіңірмекшіміз. Жерге Астана, Омбы сұрыпындағы бидай бұдан басқа рапс, зығыр сынды майлы дақыл дәндерін сіңіреміз.

Қызылжар ауданындағы агроқұрылымдар машина-трактор паркі біртіндеп жаңартуда.

Cерік Дүйсембаев – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Өткен жылы 72 су жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 57 себу кешені 100 пайыз дайын, 1 300 трактордың 90 пайызы әзір. Ауданда 952 дана дән сепкіш бар. Көктемгі дала жұмыстарына 3000 тоннаға жуық дизельдік отын керек. Оның 25 пайызы шаруаларда бар.

Ауданда егістік жұмыстарымен айналысатын 304 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Биыл аграрийлер 195 мың Га-ға дән сіңіру жоспарлануда. Алқаптардың көпбіне дәнді, 35 мың гектарына майлы дақылдар себіледі. Ал 44 мың гектары жем-азық дақылдарына тиесілі.

Cерік Дүйсембаев – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– 19 900 тонна тұқым тексеріске тапсырылып, 8 мың тоннасы тексеріліп, 85 пайызы 1, 2-классқа жатқызылып отыр. Және былтыр тұқым жаңартуға бағдарламасы бойынша ауданға 2 мың тонна жаңа тұқым сатып алынды. Оның ішінде Астана, Омбы 35, 36,38, орташа сұрыпты, ерте пісетіндері бар.

Үстіміздегі жылы Қызылжар ауданының диқандары жоғары өнім алуды көздейді. Аудан 8 мың тонна минералды тыңайтқышқа тапсырыс беріпті. Соның 500 тоннасы жеткізілген. Жалпы аудан аграрийлері көктемгі дала жұмыстарына мамырдың ортасында кірісуді ойластырып отыр.

Берік Қасен