Аптадағы маңызды жаңалықтар

2020 жылы еліміздегі 7000 км жол ақылы болады

Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты ұлғайтып, сапалы жол салуды әрі қарай жалғастыруды тапсырды. Осылайша, ағымдағы жылы елімізде республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін кем дегенде 600 км пайдалануға беріліп, кезең кезеңімен ақылы жүйе енгізілмек. Ал 2018-ші жылы ақылы жолдың ұзындығы 5000 шақырымға жетеді деп жоспарланған.

Сайранбек Бармақов – ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

– Ақылы жүйе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі, «Астана-Алматы», «Астана-Павлодар-Өскемен», «Астана-Щучинск-Петропавл» және «Астана-Қостанай» жолдарында енгізіледі. Бұл – мемлекет үшін өте тиімді. Өйткені, кейін бұл жолдар өздерін өздері қамтамасыз етеді. Мәселен, Астана-Щучинск бағытынан жылына 1 млрд 200 млн теңге түседі. Бұл сома аталған бағыттағы жолдың жаңартылуына жұмсалып отрады. Ал мемлекеттен оған мүлдем қаражат бөлінбейтін болады.

Жол салу жұмыстары Солтүстік өңірде де қарқын алған. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 10 млрд 700 млн теңге бөлінген. Оның 3 млрд-ы Айыртау ауданындағы 150 шақырым жолды жаңартуға бағытталып отыр.

Ғалым Тасболатов – СҚО жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

 


–  Өзге аудандарға жылына шамамен 500 млн теңге бағытталса, Айыртау ауданына 1 млрд бөлінетін. Биыл бұл сома облыс әкімінің көмегімен 3 еселеніп отыр. Аталған ауданда жылына біз 50-60 шақырым жол салатын едік. Енді биыл оны да 3 есеге ұзартып отрмыз. Өйткені, бұл аудан курорттық аймақ болып саналады. Яғни, бұл-туристерді тартудың бір амалы.

Мамандар жолдардың сапасын басты назарға алып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Мәселен, былтырғы жылды 2015-ші жылмен салыстырғанда тас жолдардағы жол-көлік оқиғалары 10%-ға, ал ондағы өлім-жітім саны 3 есеге төмендеген. Ал өңірде бұл көрсеткіш 30%-ға дейін азайыпты. Сонымен қатар, облысымызда су тасқыны кезінде бұзылған жолдар да жөнделетін болады. Осылайша, биыл өңірдегі Петропавл-Соколовка бағытындағы көпір қайта қалпына келтірілмек. Бұл жұмыстарға 444 млн теңге қаражат жұмсалмақ.

Айгерім Ержанова