МТРА жаңалықтары

Тұрмыстық қалдықтарды шығаратын кәсіпорын тариф құнын өсіруге өтініш берді

Ақбөпе Тәңірберген, тілші:

– Өткен қаңтар айында петропавлдық газеттерде ақпанның бірінен қоқысқа төленетін тариф көтерілетіні жөнінде ақпарат шықты. Мұндай жарнама бір уақытта қалалық 4 бірдей басылым бетінде жарық көрді. Бірақ, олар асыққан сияқты. Жаңа бағалар әлі бекітілмеген.

5 жыл бұрын Тоқсан би көшесіндегі мына ауладан «Коммун Север» серіктестігі бір күн ішінде 25 тонна қоқыс шығарған. Мұндай үйіндіні бұл іске жауапты болған бұрынғы компания қалдырған. Бұл – бір ғана мысал. Қазір қаладан қоқыс уақылыты шығарылады. Бірақ, кәсіпорын басшысы алдағы уақытта қаланы дәл бүгінгідей тап-тұйнақтай етіп отыру мүмкіндігі аз деп қобалжыды. Себебі, қатты қалдық шығаратын кәсіпорындардың бастан асатын қарызы бар. Сонысы олардың міндеттерін сапалы атқаруына кедергісін келтіруде.

Мұрат Есмұханов, “Коммунсевер” ЖШС директоры:


– 2014 жылдан бері қарай шығын көлемі 37 пайызға дейін өсіп кетті. Қазір 7 млн теңге қарызымыз бар. Мәселен, бізге керекті радиаторды 2013 жылы 25 мың теңгеге сатып алсақ, биыл 80 мың теңгеге түсті. Көліктер сынса оны жөндейтін адамды жалдаймыз. Бұл да ақша. Былтыр қоқыс жәшіктерін ауыстырып, жан-жағын қоршадық. Ал, биыл оны бояй да алмаймыз. Қазіргідей тариф мөлшерімен біз тек шығынға батып жатырмыз.

“Коммун Север” қаладағы тариф мөлшерін аттыру керек деп өтініп отырған жалғыз кәсіпорын емес. Биыл өзге тағы 3 компания тарифты өсіру керектігін жеткізген. Себебі, аталған қызмет құны 2007 жылдан бері өзгертілмепті.

Павел Афанасьев, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Ұйымдар мұндай мәселенің барын бұрын да айтқан. Былтыр жазда қалалық мәслихатқа хат жазып, тарифті 270 теңгеге дейін көтеру керектігін жеткізген. Бірақ, комиссия сұрақты қарамады. Себебі, сараптама қорытындысы мен тиісті есеп-қисап жұмыстары әкелінбеді. Атап кетейін, оның үстіне қалалық әкімдіктің меншігіне жататын полигонда қоқысты апарып төгу үшін төленетін баға мөлшері өскен жоқ.

Қоқыс шығару үшін төленетін тарифті депутаттар қоғамдық кеңесте қарамақшы. Коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің ұсынысы қолдау тауып жатса тұрғындар қоқыс үшін айына адам басына 250 теңге шамасында төлейтін болады.

– Біз кәсіпорын қызметіне разымыз. Қоқыс уақытылы шығарылады. Оған тариф 170-тен 265 теңгеге көтеріледі деген сыбыс жүр. Барлығы қымбаттап жатқандықтан, бұл қызмет түрі де бұрынғы құнын сақтап тұрмайтыны анық. Бірақ, бағаны мұнша асқақтатпаса екен.

 

– Мен – Жұмысшы кентінің тұрғынымын. Барлық көшелерден қоқысты уақытылы әкетіп отырады. Жұмысына қарай бағаны көтергені дұрыс. Бірақ, жиі көтере бермесе екен деймін.

Петропавлдықтар қоқысты шығару үшін кәсіпорындарға әзірге айына 170 теңгеден төлеп жатыр.

Ақбөпе Тәңірбеген