МТРА жаңалықтары

Петропавлда СҚО ІІД Бақылау кеңесінің және жеке күзет ұйымдарының отырысы өтті

Аталмыш жиын барысында тәртіп сақшылары мен күзет агенттіктерінің қызметкерлері бірқатар маңызды сұрақтарды талқылап, өткен жылдың қорытындылары туралы сөз етті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр қаламыздағы көпқабатты пәтерлерде орналасқан бейнекамералар мен тәртіп сақшыларының жедел жұмысының арқасында 300-ге жуық құқықбұзушылық әшкереленген.
Жалпы облыс аумағында 100-ге жуық күзет ұйымдары жұмыс жасауда.

Самат Сахатов – СҚО ІІД күзет қызметін бақылау бөлімінің басшысы:

– Атқарылып жатқан жұмыстарды күзет ұйымдары мен полиция қызметкерлері бірлесіп іске асырады. Бұл әріптестік қылмыскерлерді құрықтауда өз нәтижесін беруде.

Сондай-ақ, кеңесте қызмет барысында көрсеткен ерлігі үшін бірқатар қызметкерлер құрмет грамотасы және сыйақылармен марапатталды. Владимир Пекарский “Боец” күзет агенттігінде 3 жарым жылдай жұмыс істеуде. Сол уақыттан бері ол бірнеше рет қылмыскерлерді құрықтапты.

Владимир Пекарский – “Боец” Күзет Агенттігі ЖШС күзетшісі:

– Қаңтар айында күзет агенттігіне ұрлық жайлы хабар түсті. Облыс орталығының дүкендерінің бірінде 2 азамат сатушыны пышақтап, оқиға орнынан тайып тұрған. Жедел іздестіру шаралары барысында біз құқықбұзушыларды құрықтадық.

Кейін мұнда күзет агенттіктеріне тиесілі автокөліктердің көрмесі ұйымдастырылды.