Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновқа 3 бөлмелі пәтер сыйлады

Ақпанның 11-і күні Америкадан қуанышты хабар жеткенде көкке бөркін атпаған жерлесіміз қалмағаны анық. Жауапты кездесуді таңғы 5-те облыс әкімі Ерік Сұлтанов та тамашалап, былғары қолғап шеберіне жанкүйер болыпты.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Жанат Жақияновқа біз ұзақ жылдар бойы үміт артып келдік. Бүгін ол баршамыздың сенімізді ақтап отыр. Чемпиондық кездесу қиын болды. Дегенмен, сен қарсыласыңды тізе бүктірдің. Осылайша WBA (super) және IBO нұсқалары бойынша қос бірдей белбеуді американдық боксшыдан тартып алдың. Бұл жетістігіңе ризамыз.

Спорт ардагерлері де Жанаттың жеткен жетістігіне зор ризашылықтарын білдіруде. Жиында сөз алғанспорт саласының ардагері Жамбыл Тасеменов кәсіпқой боксшыға биік белестерден көріне беруді тіледі.

Жамбыл Тасеменов – СҚО құрметті азаматы, спорт ардагері:
–  Кезінде палуан Қажымұқан атамыз Америкада күресіп жеңіске жеткен еді. Бұл дара жолды сен жалғап отырсың. Біз сенің жеңісіне қуаныштымыз.

Қазақстанның даңқын әлемдік аренада тағы да мәрте асырған споршының еңбегі елеусіз қалмақ емес. Жерлесімізге аймақ басшысы Ерік Сұлтанов 3 бөлмелі пәтердің құжатын табыс етті.

Ал, батыр ұлды дүниеге әкелген спортшының анасы – Нұржәмиля Жақияноваға гүл шоғы тарту етілді. Өз кезегінде Жанат та кеңпейілділігін танытты. Ол аймақ басшысына соңғы өткен кездесуде жұдырықтасқан былғары қолғабын естелікке табыстады.

Боксшы жауапты сыннан соң құшақ жая қарсы алған жерлестеріне дән риза.

Жанат Жақиянов – кәсіпқой боксшы, WBA (super) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы:

– Мені жақсы қарсы алды. Өте ризамын. Қазақтың көк туын желбіретуге дайынмын.

Кездесу соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

 

Байболат Құлтанов