МТРА жаңалықтары

Наурыз айында автобустарда жол ақысы 80 теңге болуы мүмкін

Олар облыс орталығында 8 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Қоғамдық көліктердің жұмысы таңғы 6 жарымда басталады екен. Оған дейін жүргізушілер – медициналық, ал машиналар техникалық бақылаудан өтеді. Былтыр кәсіпорындағы автобустардың 50-ге жуығы жаңасына алмастырылған. “Бұл мүмкіндікке соңғы рет жолақының көтерілуіне байланысты ие болдық”- дейді серіктестік директоры Болат Рахимов.

Болат Рахимов – “Партнер-Авто” ЖШС директоры:

– 2014 жылдың желтоқсан айында автобуспен жүру құны 50-ден 65-ке жоғарылады. Осының арқасында біз ақша жинап, 21, 23, 20 және 26 бағыттағы қоғамдық көліктерді жаңаладық. Үнемі жұмыс істейтін техника жиі бұзылып жатады. Оны жөндеуге де қаражат жұмсаймыз. Сонымен қатар, жүргізушілердің жалақыларын көтеруді ойлап отырмыз. Сол себепті, тұрғындар жолақының өсуіне түсіністікпен қараса дейміз.

Наурыз айының ортасынан бастап “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығы автобустардағы жол ақысы ересектер үшін – 80, ал балаларға 40 теңгеге дейін көтеруді көздейді. Тасымалдаушы мұның бірнеше себебін атады.

Галина Семенова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Біз өткен жылдың қыркүйек айында жол ақысын көтеруді ойладық. Бірақ, бұл кейінге шегерілді. Қазір өздеріңіз білесіздер, жанар-жағармайдың құны жиі өсуде. Сол себепті, автобуспен жүру құнын 105 теңгеге көтеру қажеттігін ойлағанбыз. Дегенмен, жергілікті билік өкілдерімен келісе бағаны 80 теңге шамасында қалдырып отырмыз. Енді, алдағы уақытта осы мәселе қалалық қоғамдық кеңесте қаралады. Кейін, нақты жауабы белгілі болады.

Жерлестеріміз жолақы бағасының мұншалықты көтерілуіне қарсы.

–  80 теңге болса қиын болады. Зейнетақымыз аса жоғары емес.

– Қазір барлығы қымбаттауда. Өзім автобуспен жиі жүремін. Енді Жолақыны өсірмеуге болады ғой.

Жалпы, бүгінде Петропавлда жолаушылар тасымалымен айналысатын 3 серіктестік пен 8 жеке кәсіпкерлік бар. Олардың техникалық паркінде 300-ден аса автобус бар. Қоғамдық көліктер 24 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайды.

 

Байболат Құлтанов