МТРА жаңалықтары

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов келіп, облыс жастарымен кездесті

Абзал Нүкенов – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі:

– Біз жүргізген әлеуметтік сұрау салу нәтижесінде жастардың 40 пайызы ғана мемлекеттік бағдарламалардан құлағдар екендігін көрсетті. “Дипломмен ауылға”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” сынды жобаларды көбі біле бермейді. Сол себепті, университет пен мектеп қабырғаларында оқу жылының соңына таман білімін тәмамдаушыларға арнап ақпараттық стенд жасау керек.

Сондай-ақ, өз сөзінде вице-министр әлеуметтік проблемаға тап болып, күйзеліске ұшыраған жастардың 90 пайызы суицидке қадам жасайды деді. Бұл ретте жауапты институттар өз жұмыстарына қарқын қосулары қажет. Сонымен қатар, ауыл мен қала жастарының жағдайын теңестіру керектігі айтылып, мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпараттандыруды күшейту міндеті жүктелді.

Бүгінде жергілікті жоғары оқу орнында “Серпін – 2050” жобасы аясында еліміздің әр аймағынан келген 617 студент білім алуда. Олардың 127-сі 3-ші курста, яғни келер жылы университетті аяқтайды. Жастар мұнда 24 мамандық бойынша оқиды.

Шынарай Жұмабекова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бізге мұнда сапалы білім беруге барлық жағдай жасалынған. Сонымен қатар, барлығымыз жатақханамен де қамтылғанбыз. Облыстық деңгейдегі түрлі іс-шараларға қатысамыз.

Жиын соңында вице-министр елде істеп жатқан 207 жастар ресурстық орталықтары жұмыстарына қарқын қоса түсу керек деді. Сонымен қатар, жастарға әлеуметтік жағдай жасау қажеттігін де ескертті.

 

Риат Шони