МТРА жаңалықтары

Ақпаның 24 СҚО ардагерлер ұйымына 30 жыл толады

Аға толқын көштен қалыспас үшін барлық салаларға озық техника мен технологияларды жаппай енгізіп, жастарды бәсекеге қабілетті етуіміз шарт дейді. Өйткені, өмірдің өзі жаңғыру мен өзгерісті талап етуде. Біз әлі де болса жалпы ішкі өнім көлемі, бизнестің үлесі, күн көріс минимумы, жалақы және ІТ технологиялар бойынша дамыған мемлекеттерден қалыс қалудамыз. Және елдің одан әрі гүлденуі ауылдың жағдайына, мал және өсімдік шаруашылықтарының дамуына тікелей байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Ауылсыз өмір жоқ. Мейлінше көп жасты ауылға тарту керек. Оларға мемлекет жағдай жасап жатыр. Колледждер мен университеттерде білім сапасын арттырып, білікті мамандар даярлау қажет.

Үстіміздегі айдың 24-і облыстық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толады. Мерейтойға орай өңірімізде мәдени, спорттық шаралар өткізілмекші.

Анатолий Корабельников – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Қала мен аудандардағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының арасында 3 кезеңді қамтитын байқау өткізіледі. Конкурстың жеңімпаздары елордада өтетін республикалық кезеңге жолдама алады. Сондай-ақ, әрбір ауыл, селода бұқаралық шаралар өткізіледі. Облысымызда тіркелген 100 мыңға жуық зейнеткердің бірде біреуі назарсыз қалмайды.

Ардагерлер кеңесінің 30 жылдық мерейтойы аясында ел үшін жанын пида еткен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін еске аламыз. Елге есіл еңбегімен танылған есімдер ұлықталады. Біразы мерейтойлық медаль және грамотамен марапатталады.


Берік Қасен