МТРА жаңалықтары

Жыл басынан өңірде қызыл жалынның кесірінен 12 солтүстікқазақстандық көз жұмды

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:

– Соңғы оқиға ақпанның 14-і күні орын алды. Есіл ауданындағы Амангельдинское селолық округінде жеке тұрғын үй отқа оранды. Қызыл жалын баспананың шатырын жойып жіберіп, барлығын күлге айналдырды. Өрт болған жерде 1965 жылы туылған әйелдің жансыз денесі табылды. Жалпы қызыл жалын 80 шаршы метр аумақты шарпыды. Қазір оқыс оқиғаның шығу себебі мен шығын анықталу үстінде.

Көбіне өрт жеке секторларда пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан шығып жатады. Баяғы жартас – сол жартас. Құтқарушылар қанша дабыл қағып, ескертулер жасағанымен тұрғындар өздерінің салғырттығынан зардап шегеді. Тіпті, қарапайым өрт қауіпсіздігін де сақтамайды екен. Түнде пештерін толық сөндіріп ұйықтамайды. Немесе көмір жаққанда мұржаларын жауып тастап, салдарынан тұншықтырғыш газға уланады.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:

– Жыл басынан жеке секторда 72 өрт оқиғасы тіркеліп, 865 мың теңге шығын келді. Сараптама көрсеткендей оқыс оқиға пештерді дұрыс пайдаланбаудың салдарынан орын алып жатады. Жыл басынан ондай 33 оқиға тіркелді. Ал, себептердің ішінде екінші орында электр құрылғылары мен монтаждау тәртібін бұзу тұр. Ондай 17 жағдай орын алды.

Облыста халыққа өрт қауіпсіздігін түсіндіру шаралары да күшейген. Мамандар қыркүйек айынан бастап теріскейліктермен 102 жиын өткізіп, 53 мыңнан астам жадынама таратқан.

 

Риат Шони