МТРА жаңалықтары

Тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен несиелендіру шарты түсіндірілді

Ақжарқын Дәулетті Илизаров атындағы ғылыми орталық арнайы шақыртыпты. Бірақ ол Ресейге барудан бас тарттым дейді. Бүгінде Петропавл қаласында жеке кабинеті бар. Шығыс медицинасына сұраныс өте жоғары болғандықтан емхана ашуды жоспарлауда. Ойындағысын іске асыру үшін емшіге жер телімі мен 130 мың АҚШ доллары қажет екен.

Ақжарқын Дәулет – емші, Петропавл қаласы:

– Амангелді 148 мекен жайында орналасқан кабинетімізге күніне 30-ға жуық адам келеді. Сұраныс жоғары. Инемен 300 ауру түрін емдеуге болады. Бір жерге ине салсаң, басқа жерің де қайтіп ауырмайтын болады. Емнің артықшылығы осында. Мұны барша әлем мойындаған.

Ақжарқын Дәулеттің жобасы ауқымды әрі халық үшін маңызды. Сондықтан, бизнес-идеяны облыстық әкімдік қарастыратын болды.

Абай Қайсин – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

– Облыстық әкімдікте сіздің ұсынысыңызды қарастырады. Жер телімін алу, жаңадан емхана тұрғызу сынды сұрақтарыңызды аймақ басшысына немесе оның орынбасарларына қоя аласыз. Біз кездесу ұйымдастырамыз.

Мамандардан кеңес алу үшін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің студенттері арнайы шақыртумен келді. Бүгінде ЖОО қабырғасында кәсіпкерлік негізі курсы бар болса да жастар бизнес-жобаны қалай құру керектігін білмейміз дейді.

Гүлмира Жакупова – «Даму» қоры» АҚ СҚО бойынша өңiрлiк филиалының бас менеджерi:

– Ақпанның 23-шінен бастап үш күн қатарынан “Даму” қоры жергілікті филиалының ғимаратында күндізгі сағат 2-ден кешкі алтыға дейін тегін тренингтер ұйымдастырылады. Біз онда бизнес-жоспарды құруды, кірістер мен шығыстарды қалай есептеу керектігін азамттарға түсіндіреміз.

Бүгінде бизнесін жаңадан бастайтындарға жеңілдіктер қарастырылған. Ол туралы кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары айтып берді.

Әсемгүл Ахметова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім жетекшісі:

– Ісін жаңадан бастаған адамдарға жылдық 19 пайыз мөлшерлемесімен арзан несие беріледі. Егер сіздің жобаңыз өңір үшін маңызды болса, онда жылдық пайыздық ставканың 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Оған қоса “Даму” қоры несие сомасының 85 пайызына кепілдік ұсынады. Егер бизнес идеяңыздың өңірде баламасы болмаса және ол жоғары сұранысқа ие деп танылса мемлекеттен 3 млн теңге грант беріледі.

Басқосуда мамандарға әлеуметтік маңызы бар жобаларын ұсынғандар да болды. Жангелді Айтқұлов облыс орталығында отбасылық үлгідегі балалар үйін ашып, 10 жетімді жеке қамқорлығына алғысы келеді. Осы күні бизнес-жобасы әзір. Тек оған қолдау мен қаражат керек екен. Жалпы осы күні консультацияға 5 адам келіп, несие шарттары туралы аз-кем ақпарат біле алды. Келесі осындай кездесу наурыз айында “Нұр Отан” партиясы жергілікті филиалының ғимаратында өтеді. Онда азаматтарға өткен жылы жетілдірілген “Бірыңғай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы түсіндірілмек.

Берік Қасен