Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қаланың шеткері аудандары қардан тазартылуда

Анатолий Баранов, Павлов көшесі, 46-шы үйдің тұрғыны:

– Биыл қар ерекше көп жауды. Біз қанша тазалағанымызбен көктемде маңайдан қызыл су жүреді. Үйімізге кіріп, жерқоймаға іркіліп қалады. Кәсіпорындардың тасқынның алдын алу мақсатында келіп тазалап жатқандары үлкен көмек, әйтпесе қар суы басып қалуы ғажап емес.

Павлов-Чернышевский көшелерін қардан тазартуға «Су-808» және «Коммунстройсервис» серіктестіктері кірісіп кеткен. Ақпан басталғалы, әсіресе, қаланың шеткері аудандарынан ақ ұлпаны шығаруға аса көңіл бөлініп отыр. Көктем ерте жетіп үйілген қардың көбесі бірден сөгілсе су жүріп кетуі мүмкін. Оның алдын алмасқа болмайды дейді мамандар.

Ғали Абдрашев, Петропавл ТКШ бөлімі, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімі секторының бас маманы:

– Қазір қала көшелерін қардан тазартуға 9 кәсіпорын мен 108 техника жұмылдырылған. Қыс басталғалы қаладан 544 мың текше метр қар шығарылды. Қызыл су кіреді-ау деген шеткері аудандарға көп көңіл бөлініп отыр. Бүгін Қопай және Береке аудандары мен Калинин көшесі де қардан аршылуда. Каланың 4 шағын ауданына 4 кәсіпорын бекітілген. Олар барлық қарды шығарып біткенше үздіксіз жұмыс жасай береді.

«Коммуналдық қызмет жетті, қарды тазалап тастасын» деп қол қуысырып отырған ойқалалықтар жоқ. Күректерін сайлап, олар да шамалары келгенше баспаналарының маңындағы ақ ұлпаны шығаруда.

– Техниканың келгеніне қуаныштымыз. Көңіліміз күпті болып отырған. Өзіміз де аянбай көмектесеміз.

– Биыл қар көп. Бұл шағын ауданды кәсіпорындар жыл сайын келіп тазалайды. Бірақ, біз тұратын түкпірдегі Февральский көшесіне жетпей кетеді. Бүгін келіп түстен кейін тазалап береміз деп уәде етті.

Сондай-ақ, коммуналдық қызметкерлер қала жолдарында көктайғақ болмас үшін инертті материалдар себуде. Бұл жұмыс Партизан көшесінде қызу жүргізіліп жатыр. Ол үшін 5 бірлік техника жұмылдырылған. Айту керек, жыл басталғалы Петропавл жолдарына 3 мың текше метр тұз аралас құм себілген екен.

 

Акбопе Танирберген